Жол инфрақұрылымы: биыл Талдықорған қаласының негізгі 13 көшесі орташа жөндеуден өтті

Биыл облыстың 38 елді мекенінде 230-ға жуық көше жолдары жөнделуде. Соның ішінде Талдықорған қаласының негізгі 13 көшесінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп, 11-інде құрылыс жұмыстары аяқталған. Өңір басшысы Бейбіт Исабаев жөндеу жүргізіліп жатқан қаланың бірқатар жол учаскелерінде болып, құрылыстың сапасын көріп қайтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.   

Алдымен облыс басшысы Абылай хан көшесінің бойындағы, атап айтқанда Талдықорған – Текелі бағытындағы жөндеу жүріп жатқан жол бөлігіне  барды. Мердігер мекеменің бас инженері Николай Юдиннің айтуынша, көшенің 5 шақырымына орташа жөндеу жасалу жоспарланса, соның 3,8 шақырымында тиісті жұмыстар атқарылған, қалған 1,2 шақырымы келесі жылдың үлесінде. Нысандағы жұмыстардың барысымен танысқан Бейбіт Исабаев мердігерге жол жабынының сапасы мен жұмыстарды орындау мерзімін қатаң сақтауды тапсырды.

Мұнан кейін облыс әкімі «Алматы – Өскемен» республикалық автожолының Талдықорған қаласын айналып өтетін учаскесіндегі жөндеу жұмыстарымен танысты. Құрылыс жұмыстары атап айтқанда трассаның 259 км бастап 29 шақырымды қамтиды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, нысанның қазіргі дайындығы 85 пайызға жеткен.

— Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Енді алты шақырымға асфальт төсеу жұмыстары қалды, содан соң абаттандыру ісін жалғастырамыз. Жұмысты суық түскенге дейін атқарамыз. Жоба келесі жылға өтпелі, жұмыстардың бір бөлігі келесі жылға қалады. Сонымен қатар бұл жолды қыс мезгілінде күтіп-ұстау біздің мекеменің міндетінде, — деді Ж.Қалтаев.

Жобада жол жамылғысын жаңартумен қатар, шамамен 500 жарық шамын орнату, абаттандыру және жолға термопластикпен таңба түсіру қарастырылған. Филиал басшысы 284-287 км аралығындағы үш шақырымдық жол учаскесіндегі жол жамылғысында тегіс емес тұстар пайда болғанын,  анықталған кемшіліктерді жою, яғни асфальтты фрезерлеу мен жаңа жабын төсеу шаралары қабылданатынын айтты. Жол жөндеу техникалары негізгі жұмыстар аяқталғаннан кейін кемшілік анықталған үш шақырымдық  учаскеге жіберіліп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында  «АКЛ» базары маңындағы жол айрығына да болды. Бұл жолды облыс әкіміне «Береке» және «Ынтымақ» тұрғын алабы тұрғындарының өтінішінен кейін «Алматы – Өскемен» автожолының 259-шы шақырымында салу қолға алынды. Еске салсақ, бұған дейін тұрғындар қалаға бару үшін шамамен үш шақырым айналма жолмен жүруге мәжбүр болатын. Ұзындығы 300 метрлік жаңа жол қалаға тікелей шығуға мүмкіндік беріп, жолды барынша қысқартады. Жол төсемі мен инженерлік желілер бойынша негізгі жұмыстар аяқталған. Нысанның дайындық деңгейі шамемен 80%. Енді бағдаршамдар мен жол белгілерін орнатуы жұмыстары атқарылуы тиіс.

Бұдан әрі Бейбіт Исабаев Оңтүстік-Батыс тұрғын алабына барып, онда салынып жатқан №11 және №12 шағынаудандардағы жолдар  құрылысының бірінші кезеңінің іске асырылу барысымен танысты. Өңір басшысына қала әкімі Ернат Бәзіл жаңа жолдар өтетін бағыттарды сызба арқылы көрсетіп, баяндады. Қарастырылған жолдардың бірі тұрғын алапты Алдабергенов көшесімен байланыстырып, осы жолмен өрт сөндіру депосы мен салынып жатқан газ қазандығына қатынайтын болады.

— Бұл — жаңа тұрғын алап. Бұл жерде қазандық салынып жатыр, өрт сөндіру депосы да жұмыс істеп тұр. Оларға қатынайтын жол қажет, сондықтан Алдабергенов көшесіне дейін жол саламыз, – деді Бейбіт Исабаев.

Жалпы, жобаның бірінші кезеңінде тұрғын алапта үш шақырым жол салу жоспарланған. Қазандық пен өрт сөндіру депосына қатынайтын жол бөлігін 20 қазанға дейін дайындау жоспарланған. Құрылыс жұмыстары келесі жылы да жалғасады.

Облыс әкімі Талдықорған қаласы жолдарын жөндеу жобаларының жайына қысқаша тоқталды:

— Талдықорғанның орталық көшелерін күрделі және орташа жөндеуге бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Қазір Абылай хан көшесінде жұмыстар жүріп жатыр. Мұнан кейін Абай көшесіндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау қалады. Сонымен, облыс орталығындағы 13 негізгі көшеде жоспарланған жұмыстарды аяқтаймыз. Осылайша шамамен он бес жыл бойы жөндеу көрмеген бірқатар жолдарды жаңартамыз, – деді.

Өңір басшысының айтуынша, жұмыстардың басым бөлігі орындалған. Былтыр Қабанбай батыр көшесі ретке келтірілді. Биыл сондай-ақ Ескелді би көшесінен Гагарин көшесіне дейінгі аралықтағы көлденең көшелерді жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр.

— Келесі жылға кіреберіс аркадан Орталық бассейн маңындағы айналма жолға дейінгі жолды, сондай-ақ Назарбаев даңғылының айналма жолдан орталық саябаққа дейінгі учаскесін жөндеу жоспарланып отыр. Сол сияқты Қабылиса жырау көшесі де жөнделеді. Былтыр, биыл, келесі жылы – осы үш жыл ішінде Талдықорғанның негізгі магистралдарын, оған қоса тағы сегіз-тоғыз қосалқы көшесін ретке келтіреміз. Қалған шағын учаскелерді де аяқтап, осылайша облыс орталығындағы жолдарды жөндеу мәселесін толықтай  шешеміз. Мұнан соң қаланың шеткі аймақтарындағы жолдарды жөндеуге көшеміз, – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фототілші: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз