Бейбіт Исабаев: «Журналистер – ашықтық пен объективтілік принципін қорғаушы, қоғамды жаңғырту үдерісінің басты қатысушысы»

Жетісу облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтап, мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстады. Сондай-ақ журналистер арасындағы облыс әкімінің «Құлагер» сыйлығына арналған медиа байқаудың жеңімпаздары марапатталды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар ол өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының жетістіктерін атап өтіп, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да назар аударды.

– Бүгінде журналистің рөлі тек ақпарат таратумен шектелмейді. Сіздер қоғамдық пікірдің жаршысы, ашықтық пен объективтілік қағидаттарын қорғаушы, қоғамды жаңғырту үдерістерінің белсенді қатысушысысыздар. Қазіргі таңда медиа кеңістік қарқынды өзгеріп, аудитория назарын аудару жолындағы бәсекелестік барған сайын күшейіп келеді. Осындай жағдайда қоғамның сенімін сақтау айрықша маңызды. Ал кәсіби журналистика азаматтар үшін басты бағдар болып қалып отыр. Ол факіні жорамалдан, объективті ақпаратты түрлі манипуляциялардан ажыратуға мүмкіндік береді. Облыс тұрғындарының атынан және өз атымнан баршаңызға кәсібиліктеріңіз, принципшілдіктеріңіз, объективтіліктеріңіз және жұмыстарыңызға адалдықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деген Б. Исабаев мұнан соң марапаттау рәсімін атқарды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар журналист мемлекеттік наградаларға ие болды. Атап айтқанда, ардагер журналист Нүсіпбай Әбдірахымов «Құрмет» орденімен, ал «Талдықорған» газетінің курьері Сәуле Мускенова «Шапағат» медалімен марапатталды. Еске салсақ, бұған дейін «Вестник Жетісу» газетінің бөлім редакторы Алмагүл Оразаева Президенттің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған болатын.

«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Кербұлақ жұлдызы» газетінің тілшісі Дина Дүйсенбаева, «Жетісу» телеарнасының продюсері Мәулен Несіпбеков және «Сарқан» газетінің жауапты хатшысы Жақсылық Игіманов марапатталды.

Мұнан соң салтанатты шарада Бейбіт Исабаев облыс әкімінің «Құлагер» сыйлығына арналған журналистер арасындағы медиа байқаудың жеңімпаздарын марапаттады.

Атап айтқанда, «Жетісу» газетінің бөлім редакторы Күлжиған Тұрсынова «Үздік мақала» номинациясының, «Жетісу» телеарнасының журналисі Айгерім Көппаева «Үздік телесюжет», «Жетісу» газетінің фототілшісі Жұмабай Мұсабеков «Үздік фотосурет», «Еуразия» бірінші арнасының» таспагері Берік Құлшанбаев «Үздік операторлық жұмыс», «Вестник Жетісу» газетінің тілшісі Наталья Денисова «Үздік журналистік зерттеу», «Жетісу» телеарнасының бейнеинженері Аманбол Қабимоллаев «Үздік техникалық редактор» номинацияларының жеңімпаздары атанды. Ал «Ардагер журналист» номинациясында «Жаркент өңірі» газетінің бас редакторы Бағдат Айтмұқаева, ал Бейсен Құранбек атындағы «Кәсіби шеберлігі үшін» номинациясында «Жетісу» телеарнасының журналисі Мұрат Мұқашұлы марапатталды. Оларға арнайы статуэткалар мен ақшалай сертификаттар берілді. Сондай-ақ «Үздік баспасөз қызметі» номинациясы бойынша Полиция департаментінің баспасөз қызметі жеңімпаз атанып, арнайы статуэткамен қатар экшн-камера және петличкалық микрофонға ие болды.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен «Жетісу» телеарнасының эфир және мұрағат бөлімінің жетекшісі Мұрат Жұмабай мен продюсер Назгүл Аязбаева, Vestnik19.kz сайтының редакторы мен веб-редакторы Мадина Дәлекенова мен Әсел Мұқашева, Қаратал аудандық «Бастау» газеті бас редакторының орынбасары Александр Булавин марапатталды. Сондай-ақ медиа саласының бірқатар өкілдеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Жалпы, облыс құрылғаннан бері саланың 28 маманы мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болған.

Марапатталғандар атынан сөз сөйлеген журналистика саласының ардагері Нүсіпбай Әбдірахым көрсетілген құрмет пен қошемет үшін алғысын білдіріп, Жетісу өңірінің журналистері алдағы уақытта да аймақтың өркендеуі жолында қаламымен қызмет ететінін атап өтті.

Іс-шараға қатысқан өзге де журналистер мерекелік кештен кейін әсерін бөлісті. Солардың бірі – Жетісу облысындағы «24KZ» телеарнасының меншікті тілшісі Гүлнар Жантасова. Ол облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

– Ақпаратты жариялау жылдамдығы жағынан электронды ақпарат агенттіктерімен бәсекелесу кей-кейде оңайға соқпайды. Дегенмен біз әрдайым көрерменге объективті, сенімді әрі жан-жақты ақпарат ұсынуға тырысамыз. Сондықтан телевидениенің болашағы зор деп есептеймін. Барша әріптестеріме сарқылмас шығармашылық шабыт тілеймін, – деді ол.

«Сарқан» газетінің жауапты хатшысы Жақсылық Игіманов та құттықтау лебізін білдірді.

– Біздің әулетіміз ондаған жылдан бері ел журналистиканың дамуына өз үлесін қосып келеді. Әкемнің бұл салада 40 жылдан астам еңбек өтілі бар, мен әке жолын жалғастырып, 20 жылдан бері журналистикада еңбек етіп келемін. Барша әріптестеріме кәсіби тұрғыда биік белестерді бағындырып, шығармашылық табысқа жетулеріне тілектеспін, – деді ол.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Жалпы, облыстағы 43 бұқаралық ақпарат құралында 300-ден астам журналист жемісті қызмет атқарып жүр. Өткен жылы облыстық «Жетісу» телеарнасы заманауи студиямен толықтырылды. Ал биыл телеарнаңы кино бөліміне жаңадан түсірілім жабдықтары алынды. Радиохабар тарату мүмкіндігі облыс аумағын толығымен қамтып, сонау Қорғастан Достыққа дейін таралып отыр. Осындай қолдау мен кәсіби шеберліктің арқасында «Жетісу» телеарнасы бірнеше жыл қатарынан «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығының екі бірдей – «Үздік өңірлік телеарна», «Өңірлік БАҚ-тағы үздік ток-шоу» («Ділмар») аталымдарының жеңімпазы болды. Кино бөлімі республикада кең таралған екі бірдей көркем фильм түсірді. «Ұстаз» және «Оқылмаған хаттар» кинолары көрерменнің жоғары бағасын алды.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жұмабай Мұсабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз