Соңғы екі жылда Жетісу облысына жұмыс істеуге 153 дәрігер маман келді

Жетісу облысына соңғы екі жылда жұмыс істеуге 153 дәрігер маман келген. Бұл облыс әкімінің бастамасымен дәрігер тапшылығын жою мақсатында дәрігерлерді қолдау шаралардың арқасында мүмкін болды. Олардың 57-сі ауылдық жерлерде, 96-сы қалада жұмыс істейді. Олардың әрқайсына бір реттік көтерме ақы төленіп, 47 медицина маманына қызметтік пәтер берілді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен өткен Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында айтылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының фойесінде өңір басшысы алдымен облысқа келген жас мамандармен тілдесті. «Сіздердің жұмыстарыңыз оңай емес, дегенмен білімді, білікті маман қай кезде де өз ісін жауапкершілікпен атқарады. Балалардың, аналардың, жалпы халықтың денсаулығы сіздердің сапалы қызметтеріңізге байланысты. Сондықтан жақсылап жұмыс істеңіздер. Біз өз тарапымыздан денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетуді жалғастырамыз», — деді Б. Исабаев.

Залға жиналған сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтаған облыс әкімі:

— Азаматтардың денсаулығы – қоғамның әл-ауқаты мен мемлекет дамуының басты көрсеткіші. Елдің келешегі мен өркендеуі ұлт саулығына тікелей байланысты. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз қандай құрметке де лайық. Осы орайда мереке қарсаңында баршаңызға жетісулықтардың атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінде азаматтардың денсаулығын сақтау, аурудың алдын алу және заманауи медициналық көмекті дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлініп келеді, — деген Б. Исабаев облыста денсаулық сақтау саласына жасалып отырған қолдау шараларын атап өтіп, медицина мамандарының қызметіне табыс тіледі.

Мұнан соң жиын марапаттау рәсімімен жалғасты. Атап айтқанда, Президенттің Жарлығымен облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Вадим Турускинге «Құрмет» ордені, облыстық кардиология орталығының бөлім меңгерушісі Хусан Исмановқа «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.

Сондай-ақ жылдың үздік мамандары арнайы дипломмен және ақшалай сыйлық сертификатымен марапатталды. Мәселен, облыстық көп салалы клиникасының онколог дәрігері Александр Кляцко «Үздік стационар дәрігері», Ескелді аудандық орталық ауруханасының провизоры Дариға Серікқали «Үздік провизор», облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Өмірзақ Ниязбеков «Үздік денсаулық сақтау менеджері», Талдықорған қалалық емханасының дәрігері Салтанат Садуақасова «Үздік медициналық-санитарлық алғашқы көмек дәрігері», Сарқан аудандық орталық ауруханасынан Мадияр Байғалиев «Үздік санитарлық-эпидемиологиялық бейін дәрігері», Көксу аудандық орталық ауруханасынан Жаннат Даркенбаева «Үздік акушер» атанды.

Сол сияқты Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының мейіргері Ерке Чакуқызы, Талдықорған жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Айдана Сейітханова, Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасының мейіргері Талшын Иғиса, Ақсу аудандық орталық ауруханасының фельдшері Дәурен Оралтайұлы да номинация жеңімпаздары болды.

Марапатталушылар атынан сөз алған Айдана Сейітханова:

— Барша әріптестерімді медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын. Бүгінгі марапат бізге көрсетілген сенім және ұжымымызға көрсетілген құмет деп білеміз. Біздің Талдықорған жоғары медициналық колледжіне биыл 90 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біздің оқу орнынан түлеп ұшқан қаншаа түлек денсаулық сақтау саласының білікті маманы болды. Алдағы уақытта да кадр дайындау ісіне өзіміздің лайықты үлесімізді қоса береміз, — деді ол.

Мерекеге орай «Құрмет» орденіне ие болған Вадим Турускин өз пікірін білдірді:

— Негізгі мамандығым – балалар хирургі, соның ішінде неонаталды  хирургпін. Қазір облыстық балалар ауруханасында жұмыс істеймін. Халықтың денсаулығына, соның ішінде жас сәбилердің өміріне жауапты болу оңай емес. Жалпы біздің қызметіміз бір ғана маманның емес, ұжымның, соның ішінде дәрігерлер, медбикелер, санитарлар – бәріміздің бірлескен еңбегімізден тұрады және жетістігіміз де сол ортақ еңбектің жемісі. Бүгін еңбегімізді елеп, үлкен марапат беріп отырғанына ризашылығымды білдіремін. Қиын да күрделі қызметте әріптестеріме қажыр-қайрат, төзімділік, кәсібилік, денсаулық, табыс тілеймін, — деді ол.

Облысқа жұмысқа келген жас мамандардың қатарында ерлі-зайыпты дәрігерлер Алмағамбетовтар отбасы да бар.

— Мен жалпы тәжірибелік дәрігермін, зайыбым – Айсұлу да жалпы тәжірибелік дәрігер. Жетісу облысында бір реттік көтерме ақы беретінін естіп, 2025 жылы сәуірде облысқа отбасымызбен көшіп келдік. Мен Қаратал ауданы Кәлпе ауылындағы, Айсұлу Ескелді ауылындағы медициналық нысанда жұмысқа кірістік. Екеуміз бірігіп 20 млн теңге көтерме ақы алдық, тегін қызметтік үй берілді, бұл біздің жас отбасымыз үшін үлкен көмек болды. Жалпы Жетісу өңірінің табиғаты, халқы бізге қатты ұнады. Жұмыс істеуге міндеттелген 5 жылдан кейін де осы өңірде қалсақ па деген ойымыз бар, — дейді Ербол Алмағамбетов.

Жалпы, Жетісу облысы құрылғалы бері өңірде 149 жаңа медициналық нысан салынды. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 59 нысан бой көтерді. Сондай-ақ 13 нысан күрделі жөндеуден өтті. Осылайша өңірдегі барлық медицина нысандарының 63,8% жаңарды. Ал материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында өткен жылы 165 медициналық техника мен 29 санитарлық автокөлік сатып алынса, биыл да қаражат бөлініп отыр. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың заманауи құралдармен жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетті.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз