Жетісудағы Алакөл жағалауында тәулігіне 6,5 мың текше метр су тазарта алатын кәріз тазарту қондырғысы салынып жатыр

Жетісудағы Алакөл көлінің жағалауында кәріз тазарту құрылысының ІІ кезегі іске асырылуда. Бұл жобалық қуаты жағынан еліміздегі ірі жобалардың бірі деуге болады. Қондырғы тәулігіне 6,5 мың шаршы метр су тазартуға қабілетті болмақ, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы, кәріз жүйесін салу жұмыстары 2022 жылы басталған. Атап өтсек, бұл нысан болашақта кәріз суын тазалаудан өткізіп, техникалық су ретінде қайта пайдалануға ұсынатын болады. Осындай ауқымды қуаттылықтағы нысан болашақта курорттық аймақтардың өсу мүмкіндігін ескере отырып салынуда.

Мердігер ұйымның техникалық директоры Бақтияр Сарыбаевтың айтуынша, құрылыстың бірінші кезеңінде ауылішілік желілер жүргізілген болатын. Екінші кезеңінде кәріз тазарту қондырғысы салынып жатыр. 

— Құрылыс жұмыс кестесіне сай жүріп жатыр. Қаржы жеткілікті, материалымыз түгел. Мұнда 45 адам, 10 техника тартылған. Бүгінгі күнде зертхана ғимаратынының сыртқы қасбеті мен ішкі бөлу жұмыстары жүргізілуде. Қазір нысанды қоршау жұмыстары басталды. Қондырғының қажетті құрал-жабдықтары жеткізілді. Биылғы жылдың қараша айында жобаны аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, — дейді Бақтияр Сарыбаев.

Авторлық бақылау мекемесінің өкілі Бекен Қанафияновтың сөзіне сүйенсек, кәріз суы 5 кезеңмен биологиялық, химиялық тазартудан өткізіледі. Мұнан соң зертханада тексеріліп, соның қорытындысы бойынша техникалық су ретінде қайта пайдалануға жіберіледі.

Алакөл жағалауын дамытуда кәріз тазарту құрылғысын салудың маңызы зор. Демалыс орындарының күнделікті қалыпты тіршілігі осындай инфрақұрылымдық нысанға тікелей байланысты. Ағынды суларды тазартудың заманауи жүйесі қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға, жағалаудың санитарлық тазалығын, көлдің экологиялық  жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан кәріз тазарту құрылыстарының салынуы жай ғана коммуналдық жоба емес, бүкіл жағалау аймағын одан әрі дамытуда маңызды нысанға айналмақ.

Еске салсақ, Алакөл жағалауында соңғы үш жылда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында іргелі жобалар іске асырылған болатын. Атап айтқанда, көлге апаратын автожолдар жаңарып, Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңғыртылды. Жазғы маусымда көлге көлікпен жетуді қамтамасыз етуде темір жол бағыты, әуе рейстері тұрақты ұйымдастырылған. Оған қоса жағалауды жеткілікті электр қуатымен қамту мақсатында 57 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станса құрылысы аяқталды. Бұл электр қуаты тапшылығын жойып, қажетті электр энергиясының қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. 

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз