Жетісу облысындағы Алакөл ауданы Лепсі ауылын орталық су жүйесіне қосу мәселесі шешілді. Өткен жылы ұлттық байқаудың қорытындысы бойынша еліміздегі үздік бес туристік ауылдың қатарына енген елді мекенді таза ауызсумен қамту жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, ауылдың туристік әлеуетін одан әрі дамытуға да мүмкіндік береді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты. Сондай-ақ ол ауыл тұрғындарын орталықтандырылған су құбыры желісіне қосудың барлық жұмысын толық аяқтауды тапсырды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Лепсі ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау мен салу жобасы өткен жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Жоба аясында ұзындығы 35 км магистралды су құбыры тартылып, 708 су құдығы орнатылды. Тереңдігі 226 метрден екі су жинау ұңғымасы бұрғыланып, таза су резервуары мен сорғы станциясы салынды. Сорғы жабдықтары электр желілеріне қосылып, өндірістік база мен барлық қосалқы құрылыстардың аумағын қоршау жұмыстары жүргізілді. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 135 өрт гидрантын орнату көзделген.
Сонымен қатар абоненттік желілерді тарту жұмыстары жалғасуда. Ұзындығы 15 км тарату желілері толық төселді. Жоба аясында 343 тұрғын үйді су жүйесіне қосу көзделген. Бүгінгі таңда 328 үйге су құбырлары жеткізіліп, 130-ға жуық тұрғын жаңа сумен жабдықтау жүйесіне қосылды.
– Ауыл тұрғындарын орталық су құбыры желісіне қосу жұмыстарын толық аяқтау қажет. Бұлақты ауылындағы ауыз су мәселесі де маған жақсы таныс. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, ұзындығы 52,4 шақырым су құбырлары желісін реконструкциялау жобасы әзірленді. Келесі жылы жұмысты бастау қажет, – деді облыс әкімі.
Бқл ретте Лепсі ауылының тұрғыны Ирина Абдухаликованың пікірін білдік:
– Ауылымызда орталықтандырылған су құбырын тарту жұмыстары екінші жыл қатарынан жүргізіліп жатыр. Бұл – жай ғана жоба емес, ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, тұрғындарға көрсетіліп отырған үлкен көмек. Қазір су өздігінен ағып келеді, алайда ауылдың барлық бөлігіне бірдей жетпейді. Бұған дейін ауылдың бір бөлігінде мүлдем су болмаған. Қазір кейбір көшелерде су жүйесіне сынақ ретінде қосу жұмыстары басталды. Қыс түскенге дейін барлық үйге су келеді деп үміттенеміз, – деді ол.
Бүгінгі күні Жетісу облысында сумен жабдықтауға жататын елді мекендердің 93 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл 11 елді мекенде жұмыстар жүріп жатыр, оның 8-інде жұмыс жыл соңына дейін аяқталады, ал 3 жоба келесі жылға өтпелі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков





























