Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді, әсіресе ауылдық жерлерді абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Атап айтқанда, Алакөл ауданында экологиялық бағдарлама аясында 9500-ден астам көшет отырғызылып, көшелерді жарықтандыру деңгейі 75 пайызға жетті. Сондай-ақ саябақ абаттандырылып, ауылдық елді мекендерде балалар ойын және спорт алаңдары салынды. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Жетісу облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу, балалар және спорт алаңдарын салу, аумақтарды абаттандыру бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Дегенмен, Үшарал қаласына кіре берістегі көпқабатты үйлердің қасбеттері сын көтермейді. Осы орайда аудан әкіміне келесі жылға қасбеттерді жөндеу және ойын алаңдарын салу үшін бюджеттік өтінім беруді тапсырамын, – деген өңір басшысы тиісті бағыттар бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алакөл ауданындағы елді мекендерді абаттандыру жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Ауылдарда жаңа спорт нысандары мен демалыс орындары ашылды. Атап айтқанда, Сапақ ауылында воркаут алаңы жабдықталса, Бескөл мен Бұлақты ауылдарында спорт алаңдары салынды, сол сияқты Екпінді ауылындағы саябақ абаттандырылды. Сондай-ақ Үшарал қаласында үнемделген қаражат есебінен жаңа аллея мен этнопарктің бірінші кезегінің құрылысы аяқталды. Көгалдандыру жұмыстары аясында бүгінгі күнге дейін 9564 ағаш отырғызылды. Оның 8195-і – жапырақты, 1369-ы – қылқан жапырақты ағаш. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру деңгейі 75 пайызға жетті, яғни аудандағы 470 көшенің 350-і жарықтандырылған. Биыл бес ауылда қосымша 465 көше шамы орнатылды. Атап айтқанда, Тоқжайлау, Көлбай, Теректі, Қызылащы және Ақжар ауылдарына көше жарықтары қойылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков





























