Айтылды — орындалды: Алакөл ауданында тұрғындардың өтініші бойынша «Қабанбай – Тоқжайлау» автожолы жөнделді

Жетісу облысында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Бұл ретте тұрғындармен өткен кездесулер барысында жол жөндеуге қатысты айтылған өтініштер алдағы жұмыстарды жоспарлау және жүзеге асыру кезінде міндетті түрде ескеріледі. Мәселен, өткен жылы тұрғындармен кездесу барысында жөндеу қажеттігі туралы мәселе көтерілген «Қабанбай – Тоқжайлау» автожолына бүгінгі таңда асфальт толық төселді. Сондай-ақ биыл көктемде пайдалануға берілген «Қабанбай – Лепсі» автожолы да толық жөндеуден өтті. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Өткен жылғы кездесуде «Қабанбай – Тоқжайлау» автожолын жөндеу жұмыстарын аяқтауға уәде берген едім. Бүгінгі күні жолға асфальт толық төселді, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Бескөл – Жайпақ» автожолының және Арқарлы ауылына дейінгі жолдың жағдайы да маған жақсы таныс. Қазіргі уақытта бұл жолдарды жөндеу үшін мердігер ұйым анықталып, келісімшарттар жасалды. Жұмыстар келесі жылы басталады, – деді Б. Исабаев.

Өңір басшысының айтуынша, биыл Үшарал қаласының және Ынталы, Тоқжайлау, Көлбай, Бескөл, Қабанбай ауылдарының 5 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ бір көшеде жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады.

Облыс әкімі аудан басшысына шұғыл жөндеуді қажет ететін елді мекендердің негізгі көшелеріне қатысты құжаттарды әзірлеп, келесі жылға бюджеттік өтінім беруді тапсырды.

Жергілікті тұрғындар жолдардың жөнделуіне қатысты өз пікірлерін білдірді.

– Үшарал қаласында өткен тұрғындармен кездесуде ауылдастарымыздың атынан Қабанбайдан Тоқжайлау ауылына дейінгі жолды жөндеу мәселесін көтерген едім. Сол кезде облыс әкімі бұл мәселені шешуге уәде берді. Нәтижесінде уәде орындалып, қазір жол жөнделді. Бұрын жаңбыр жауса, жол лайсаң болатын. Балалардың мектепке қатынауы қиын еді, өзімізге де қолайсыз болатын. Жол бойында қызмет көрсететін дәмханалар да бар. Енді жақсы жолмен туристер оларға да жиі аялдай алады. Бұл – ауыл экономикасына қосылған үлес деп білеміз, – дейді Тоқжайлау ауылының тұрғыны, ардагерлер кеңесінің төрағасы Перизат Арчабаев.

Сондай-ақ «Алматы – Өскемен – Арқарлы» республикалық автожолынан Еңбекші ауылына дейінгі ұзындығы 9,9 км кірме жолға орташа жөндеу жүргізілді. Өткен жылы басталған жоба биыл толық аяқталып, жол пайдалануға берілді.

Жалпы, соңғы үш жылда Алакөл ауданында облыстық маңызы бар 31 шақырым жол және 21 елді мекендегі жалпы ұзындығы 57 шақырымды құрайтын 60 көше жөнделді. Сонымен қатар 19 ауылда көшелерді жарықтандыру жүйесі орнатылды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз