Бүгін жер жаннаты Жетісудың бесік қаласы Талдықорған төрінен Семей ядролық сынақ полигоны және Чернобыль апаты құрбандарына қойылған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті. «Жеңіс» саябағынан бой көтерген ескерткіш өткенді санадан өткізіп, бүгінгіні саралап, болашаққа жол ашып, елі үшін жанын қиған ерлердің ұлағатты ерлігіне жасалған құрмет.
Елдік пен ерліктің белгісі болған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылуына Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, қалалық мәслихат төрағасы Темірболат Ахажан, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жексембай Мейрембаев, сондай-ақ, қоғамдық ұйымның ардагерлер, қайтыс болғандардың жесірлері, жақын туыстары жиналды.
Ернат Дүйсенбекұлы салтанатты жиында сөз сөйледі.
-«Ескерткіштер – елдігімнің белгісі», демекші «Қала күні» мерекесі аясында Семей-Чернобыль ардагерлері ұйымдарының ұсынысымен жер жаннаты Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында бүгін зәулім ескерткіш бой көтеріп отыр. Игілікті іске атсалысқан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін.Семей полигоны мен Чернобыль апатының халқымызға әкелген зардабы мен қасіреті орасан зор екендігі тарихтан белгілі. Әр апаттың табиғаты басқа болғанымен, қасіреті бір. Қаншама азаматтарымыз өмірі мен денсаулығынан айырылғаны баршаға аян. Халқымыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені өте маңызды. Бүгін біз Семей – Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткішті орнату арқылы, құрбан болған азаматтарға бас иіп, тағзым етіп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы өз қолымызда» атап өткендей өткенімізді ұмытпай, болашаққа нық қадам жасауымыз қажет».
Салтанатты ашылу өтіп, гүл шоқтарын қойылды. Құрбандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Мұнан соң ескерткіштің ашылуына орай салтанатты іс-шара Оқушылар сарайының мәжіліс залында жалғасты. Бұл жерде де әкімі сөз сөйлеп, мұндай қасіреттің енді қайталанбауын тіледі.
«Семей полигоны» мүгедектер және ардагерлері ұйымының төрағасы Толымбек Данабеков және «QAZAQSTAN CHERNOBYL ARDAGERLERI» қауымдастығының Орталық кеңесі төрағасы Хұсайын Мұстафа өз тілектерін айтып, бір топ азаматты марапаттады. Ең алдымен ескерткіштің ашылуына қолдау білдірген облыс және қала әкімдеріне ризашылықтарын білдірді. Мерейтойлық төсбелгімен қала әкімі Е.Бәзіл, сондай-ақ, ардагерлер мен «Жена офицера» төсбелгісімен Т.Трофимова да марапатталды. Ардагерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты мен қала әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ, шарада ескерткіш құрылысына атсалысқан құрылысшылар да құрметтелді.
Салтанатқа орай қала өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Мұнан кейін апат құрбандарын еске алып, ас берілді. Құран бағышталды.