Бүгінде Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында жүз жиырмадан астам дәрігер жұмыс істеп жүр. Дегенмен, емдеу мекемесінде әлі де кадр тапшылығы сезіледі. Мәселен, қазір жансақтау бөлімінде маман жеткіліксіз. Одан бөлек, травматолог, терапевт сынды дәрігерлер сұранысқа ие. Сәулелік диагностикаға да арнайы қызметкер қажет. Біз бұл жайттарды аурухана басшысы Жұмахан Молдақұловтың өзінен естідік. Ол әңгіме барысында жағымды жаңалықтарын да тілге тиек етті. Сөзіне сенсек, клиникада дәрігерлердің жұмысын жеңілдететін, әрі науқастарға дер кезінде оң әсерін беретін жаңа технологиялар қолданысқа енгізіліп жатыр екен.

«Ауруханамыздың ашылғанына бес жылдан асты. Бұл Алматы облысындағы ең үлкен клиника. Мұнда қажетті медициналық құрылғының барлығы бар», — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Айтуынша, емдеу мекемесіндегі кейбір құрылғылар еліміздің санаулы ауруханаларында ғана кездеседі. Осындай мүмкіндікке талдықорғандық дәрігерлердің қол жеткізуі үлкен жетістік дейді ақ халат иесі.

Біз сөз еткелі отырған дәрігер Жамбыл облысының тумасы. Жұмахан Мұқашұлы алдымен кіндік қаны тамған өлкеде медициналық колледжде оқып, кейін Қарағанды медициналық институтында жоғары білім алған. Оқуын тәмамдаған бойда туған жеріне оралып, біраз жыл травматология саласында дәрігерлік міндетін атқарыпты. Кейін, Алматы қаласындағы 4-ші клиникалық ауруханасына (2011 жыл) бас дәрігердің орынбасары ретінде қызметке тұрған. Ал, 2015 жылы Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына бас дәрігер болып ауысады. Бүгінде травматология саласының білікті маманы Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының басшысы міндетін атқаруда. Қазір ол емдеу мекемесінде түрлі сынықтарды қалыпқа келтіру, буын алмастыру және пластикалық, ортопедиялық оталар жасаумен айналысады. Мәскеу қаласында медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғап шыққан. Әрі профессор атағы бар.

Ж.Молдақұлов емдеу мекемесінде науқастарға станционарлық жоғары кәсіби медициналық көмек көрсетілетінін атап өтті. Оның құрылымында терапия, хирургия, политравма, қалпына келтіру ортохирургиясы, нейрохирургия, миниинвазивті, оториноларингология, жақ-бет сүйек хирургиясы, урология және офтальмология бөлімдері бар. Мұнан бөлек, жақында колопроктология, гинекология, ортопедия сынды жаңа бөлімшелер ашылды.

«Айта кету керек, колопроктология бөлімі Талдықорған өңірінде бұрын соңды болмаған. Бұл сала асқазан-ішек жолдарының ауруларын емдеумен айналысады. Кезінде осы секілді кейбір ауру түрлерін емдеуге мүмкіндігіміз, мамандарымыз жоқ болғандықтан науқастарды Алматы немесе Нұр-Сұлтан қаласына жіберуге мәжбүр болдық. Міне, бір жылдан асты қазір өзіміздің клиникада соңғы технологияларды пайдалана отырып, түрлі оталар жасап жатырмыз», — деген дәрігер тағы бірнеше жағымды жаңалығымен бөлісті.

Қазір ауруханада көз емдеу және ЛОР орталығы да іске қосылыпты. Сондай-ақ, нейрохирургия бөлімінде жарақаттан бөлек омыртқа грыжасына, омыртқа патологиясына операциялар жасалатын болған. Бір сөзбен айтқанда көпсалалы ауруханасы атына заты сай. Мұндағы дәрігерлер мүмкіндігінше қажетті отаның барлығын өздері жасайтын дәрежеге жетіп отыр. Ол халыққа да қолжетімді. Жергілікті тұрғындар тиесілі операцияны уақыт создырмай-ақ портал арқылы жасата алады.

«Негізі, көпсалалы ауруханасында операция жасатудың қиындығы жоқ. Науқас адам портал арқылы кезекке тұрып, мерзімі таяғанда бізге келсе болады. Шыны керек, қазір кезек күтіп тұрғандардың қатары соншалықты көп емес. Біз мүмкіндігінше жоспарлы операцияларды көбірек жасап, кезек санын қысқартуға тырысудамыз», — деп атап өтті дәрігер.

Сонымен қатар, ақ халат иесі пандемияға байланысты ақылы түрде жасалатын оталарды уақытша тоқтатып қойғандарын айтты. Қазіргі басты мақсат – халықты коронавирус індетінен сақтау. Осыған орай бүгінде ақылы бөлімге тиесілі палаталар сүзгі есебінде қолданылып жатыр. Абырой болып, аты жаман ауру азайып жатса, ақылы бөлімді қайта іске қосамыз дейді аурухана басшысы.

«Коронавирус өршіген уақытта «Экмо» деп аталатын жасанды өкпе аппаратын іске қостық. Бұл жоғары деңгейдегі технология. Негізі, оны көп клиникалар қолдана алмайды, мүмкіндіктері де жоқ. Біздің мамандар арнайы орталықтарда оқып келгендіктен, онымен жұмыс істеу қиынға соқпады. Қазір мамандарымыз аталмыш құрылғыны Алматы облысындағы өзге де емдеу мекемелеріне орнатып, дәрігерлерге қолдану тәсілін үйретіп жүр», — деп жалғады әңгімесін Ж.Молдақұлов.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазір ауруханаға мейлінше жаңа технологиялар енгізілу үстінде. Осыған орай дәрігерлердің біліктілігін арттыру және кадр даярлау ісі қолға алынған.

«Біз ай сайын Алматыдан, Нұр-Сұлтаннан тіпті Ресей, Германия сынды шет мемлекеттерден білікті дәрігерлерді арнайы шақыртып, осы жерде әр сала бойынша шеберлік сағатын өткіземіз. Сырттан келген мамандар отаның жасалу жолдарын көрсетіп, тәжірибелерімен бөліседі. Соны меңгеріп алған дәрігерлеріміз бүгінде түрлі операцияларды күнделікті өздері жасап жүр. Айтқым келгені, біз осылай өзімізді алға сүйремесек, медицинамыз ешқашан дамымайды. Жалпы, қазіргі кезде қай жерде жаңа технология болса, соны тезірек меңгеруге талпынудамыз», — деп атап өтті емдеу мекемесінің директоры.

Жұмахан Мұқашұлы тағы бір жақсы жаңалығын алға тартты. Айтуынша, қазір аурухана жанынан мәйітхана салынуда. Дәрігер сөзіне сенсек, мұндай анатомиялық бөлімше әр жерде кездесе бермейді. Алдағы уақытта заманауи құрылғылардың көмегімен ол жерде мәйіт толыққанды зерттеліп, өлім себебі неден болғаны дер кезінде анықталмақ.

Бүгінде ақ халат иесі дәрігерлікпен қатар депутаттық міндетті де қосымша атқарып жүр. «Nur Otan» партиясы атынан сайлауға қатысып, қалалық мәслихаттың депутаты атанған. Бас дәрігер халық қалаулысы болғалы әлеуметтік және басқа да күрделі мәселелерді шешумен айналысып, тұрғындарға мүмкіндігінше көмек қолын созып келеді. Атап айтсақ, жақында «Қаратал» шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, олардың көптен бергі шешілмеген мәселесін реттеп берген. Яғни, мәслихат депутаты ондағы тозығы жеткен тұрғын үй ауласын жөндетуге септігін тигізіпті. Мұнан бөлек, 3-4 адамның тұрақты жұмысқа тұруына жәрдемдескен. Мәселен, бір адамды арнайы білімі болмаса да ауруханаға медбикенің көмекшісі ретінде қызметке алыпты. Осылай айта берсек, Жұмахан Молдақұловтың депутат ретінде атқарып жатқан істері де біршама, халыққа көмегі тиюде.

«Біз ауруханамызда жас мамандарға көп көңіл бөлеміз. Олардың біліктілігін арттыру – басты мақсатымыз. Егер баспана жағынан қиналып жүрсе, оны да шешіп беруге тырысамыз», — дейді аурухана басшысы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK