«Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» демекші, бүгінде күллі әлемге жайылған  жұқпалы індетпен қатар елде жанар-жағар май бағасы күн санап қымбаттап барады. Тіпті, кей өңірлерде дизель отынының литрі 300 теңгеден асып, соның өзінде табылмай жүк көліктері қаңтарылып тұр.  Мәселен, биылғы жылдың басынан бері Алматы облысы аумағында бензин бағасы бірнеше рет көтеріліп, қазір Ай 92 маркалы бензинінің литрі 175-178 теңге аралығында, Ай 95  маркалы бензин 200-210 теңге көлемінде, дизель 230 теңгеден  саудалануда. Осының барлығы зат бағасының жаппай қымбаттауына әкеліп соққаны анық.

Ал, соңғы кездері жұрт барлық азық-түліктермен қатар басқа да тауарлардың құны аспандап, бұл онысызда тапқаны тамағына жетпейтін жай тұрғындар үшін жығылғанға жұдырық болғанын айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында: «Қазақстанның аграрлық әлеуеті туралы көп айтылады. Дегенмен АӨК саласында мәселе аз емес. Алдымен ол жөнсіз бағаның өсуі мен тауар өнеркәсібі жұмысын дұрыс үлестіру. Мен бұған дейін елімізде көтерме үйлестіру желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет жүзеге асу деңгейінде тұр. Ұсақ ауыл шаруашылық тауар өндіруді сол желімен қамтамасыз ету керек. Сол арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің өз шаруашылығы болады. Бұл салада монополияға жол жоқ», –   деп анық атап көрсеткен болатын. Қазірге бұл тапсырманың қаншалықты орындалып жатқаны да беймәлім.

Алматы облысы әкімдігінің таратқан мәліметіне сүйенсек,  өңірде азық-түлік бағасының өсуін тежеуге шекті бағаны енгізу, сауда үстемесінің сақталуын қадағалау басты назарда. Бағаны тұрақты ұстап тұру үшін тауар өндірушілер мен сауда нысандарын қаржыландыруға бюджеттен 3,7 млрд. теңге, сондай –ақ 700 млн. теңге тұрақтандыру қорын қалыптастыруға  және 3,0 млрд тг несиелендіруге  бөлінді. Тұрақтандыру қорынан бөлінген  1,2 млрд теңге қаржыға  8,7  мың тонна  әлеуметтік маңызы бар азық- түлік алу жоспарланып,  оның 8,4 мың тоннасы сатып алынған.

Сатып алу бағасының төмен болуына байланысты облыстағы 55 наубайхананың ұн құнын арзандату арқылы бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық- түлік бағасының өсуі, соның ішінде  бөлке нан бағасының өсуі тежелді. Бұл ретте «кері схема» аясында «Ақсай» наубайханасы ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында бір бөлкенің белгіленген бағасы 90 теңгеден облыс аумағында 1022 азық- түлік дүкендеріне  нан жеткізілгені айтылған. Сондай-ақ, Талдықорған қаласы мен көршілес аудандардың қажеттілігінің 80 пайызын қамтамасыз ететін «Сардар» ірі наубайханасымен 256 миллион теңгеге несиелік келісім жасалды. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорының қорын 1328 тоннаға толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылдың қаңтар айында форвардтық келісімшарттар бойынша 2,6 млрд теңгеге 4800 тонна қосымша өнім сатып алу жоспарлануда. Осылайша, 6200 тонна азық-түлік қоры қалыптасады, бұл облыстың агро азық-түлік нарығын реттеуге жеткілікті мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қант, нан, жұмыртқа, тауық еті, сүт өнімдері, сиыр етінің бағасын шектеу үшін «айналым схемасы» бойынша 6 ірі тауар өндірушілер мен 8 ішкі сауда субъектілеріне 2,3 млрд теңге несие берілмек.

Осыған сәйкес біз облыс орталығы Талдықорғандағы дүкендерді аралап, зат бағасын бір бағамдап қайтқан едік. «Халық айтса қалт айтпайды» деген. Жұрт айтса айтқандай-ақ, біз салыстырып қайтқан зат бағасы бұрынғымен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Бір қызығы біз көріп қайтқан облыс орталығындағы дүкендерде 90 теңгелік нан атымен жоқ. Барлық сауда сөрелерінде ас атасының бағасы 120-150 теңге аралығында. Сонымен бірге ет, сүт, ұн, май, күріш басқа да жеміс-жидектер мен қажетті заттардың бағасы жаппай қымбаттаған. Атап айтсақ, жаз айында ғана әр келісі 700-750 теңгеден  саудаланып жұрттың жағасын ұстатқан сәбіз бен картоптың әр келісі қазір 180-200 теңге көлемінде сатылуда. Бұл, әрине, былтырғы жылғы 70-80 теңгелік  бағамен салыстырғанда 3 есеге қымбат екені айтпаса да түсінікті. Ал, сұйық майдың 5 литрлік құтысы 4-5 мың теңге аралығында. Сонымен қатар, киім-кешек, кеңсе тауарлары, тәттілер, құрылыс заттарының құны бірнеше есеге жоғарылаған. Оған бір ғана дәлел өткен жылы 900-1000 теңге көлемінде саудаланған цементтің бір қабы қазір 2300 теңгеге дейін көтерілсе, құрылысқа жиі қолданылатын қаңылтыр шифердың әр данасының бағасы бұрын 4-5 мың теңге айналасында болса, қазір 13-14 мың теңгеге жеткен.

Ал, аймақтағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасының өсуін тежеу бағытында құрылған «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы біраз жұмыстар атқарып жатқаны анық. Қала тұрғындарының айтуынша,  аталған коорпорациясының базарға шығарған азық-түліктерінің бағасы шынымен қол жетімді. Бірақ өте аз. Әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері  ғана қаладағы коммуналдық базар маңына әкеледі. Сонда оны  іздеп келген адамдар ғана кезекке тұрып сатып ала алады. Онда  күріштің бір келісі – 210, қант – 207, ұн өнімдері – 185, күнбағыс майының литрі 550 теңгеден саудаланады. Бұл базар бағасынан әлдеқайда арзан болғанымен  180 мыңға жуық тұрғыны бар шаһарда көзге де түспей қалатыны белгілі.

— Қорытып айтқанда қазір күн санап халықты қымбатшылық қысып барады. Бірақ билік уайымсыз. Бұл топан су жүрсе тобығынан келмейтін бай-манаттар үшін еш әсер етпейтін шығар. Алайда, қарапайым тұрғындар үшін зілдей соққы, – дейді жергілікті жұрт.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK