Күз мезгілінің келуімен жылыту маусымы басталады. Бұл кезеңде тұрғын үйлерде пештер мен жылыту құрылғылары белсенді пайдаланылып, өрт шығу және улы газбен улану қаупі артады.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды жылыту маусымына алдын ала дайындалып, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Жылыту маусымы басталар алдында пештің, мұржаның және түтін шығатын арналардың техникалық жағдайын тексеру қажет. Мұржаны күйеден уақытылы тазалап, оның тарту күшінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды.
Ата-аналарға балаларды пештерден, электр жылыту құралдарынан және басқа да жылу көздерінен алыс ұстау қажеттігін ескертеміз. Балаларды үйде қараусыз қалдырмаңыз.
Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы өрттің және қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Өрт немесе төтенше жағдай орын алған жағдайда «101» немесе «112» нөміріне дереу хабарласыңыз!





























