Мемлекет басшысының Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда берген кітапхана саласын дамыту туралы тапсырмасына орай Жетісу облысында заманауи кітапхана құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы, өңірде жыл соңына дейін 9 мәдениет нысаны салынып бітіп, іске қосылады деп жоспарланып отыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісу облысы құрылғаннан бері салынып жатқан алғашқы кітапхана Кербұлақ ауданында бой көтеруде.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне қарағанда, қазірге дейін аудандық кітапхана ауылдық әкімдік ғимаратында, ал балалар кітапханасы Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде отыр. Атап өтсек, аудандағы кітапханалардағы кітап қоры 53 мыңға жуықтаса, келушілер саны 58 мыңнан асады.
— Президент айтқандай, кітапханалар жүйесін дамыту ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл ретте облыста рухани-ағарту ісінде рөлі зор бұл саланы өркендетуге тиісті шаралар қабылданып жатыр, өйткені кітап оқу арқылы адамның ой-өрісі кеңейеді, рухани-адамгершілік құндылықтары қалыптасады. Бүгінгі күні облыста 150 кітапхана жұмыс істейді, кітап қоры 2,8 млн. данадан асты. Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында заманауи кітапхананың құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жергілікті тұрғындар көптен күткен бұл нысан осы жазда қолданысқа берілуі тиіс, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.
Екі қабаттан тұратын ғимараттың басты ерекшелігі — мұнда бірнеше оқырман залының болуы, атап айтқанда мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балаларға, ересектерге арналған арнайы оқырман залдары қарастырылады. Сонымен қатар медиатекасы бар ақпараттық-анықтамалық зал, көбейту зертханасы, ауқымды кітап қоймасы болады. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары бүгінгі күні 70% аяқталған. Биылғы бірінші жарты жылдықтың соңына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Жалпы, кітапханадан бөлек жыл соңына дейін тағы 8 мәдениет үйінің құрылысы аяқталуы тиіс. Атап айтқанда, Ақсу ауданы Арасан, Есеболатов, Матай ауылдарындағы, Алакөл ауданы Екпінді, Көлбай, Балапанов ауылдарындағы, Талдықорған қаласы Еркін ауылындағы мәдениет үйлері, Қаратал ауданы Қаражиде ауылындағы блокты-модульді клуб қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев,
сондай-ақ Кербұлақ аудандық әкімдігі ұсынды және
эскиз жобасының иллюстрациясы.



























