Бүгін Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов «Меценат» әдеби байқауының жеңімпазы, жазушы Есболат Айдабосынды қабылдады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде қаламгерді айтулы жетістігімен құттықтаған Д.Есдәулетов Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» жобасының қоғамның рухани өміріндегі маңызы мен оның өңірде іске асырылу барысына қысқаша тоқталды. Сол сияқты Талдықорғанда Креативті орталық ашылатынын және бұл нысанды кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін орталықтың біріне айналдыру үшін қаламгерлерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Әңгімелесу барысында кездесуге қатысушылар қоғамды, соның ішінде жастарды кітап оқуға баулу, озық шығармаларды кеңінен насихаттау, қаламгер мен оқырманның арасында алтын көпір болатын кітапханалар мен баспалардың жұмысын жандандыру туралы пікір алмасты.
Еске салсақ, «Жетісу» радиосының басшысы, танымал жазушы Есболат Айдабосын «Бүкір» романымен биыл беделді «Меценат» әдеби сыйлығының жеңімпазы атанған болатын. Аталмыш романды «ATA Creative Hub» баспасынан жарық көріп, сатылымға шыққан.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов





























