Жетісуда жолдарды қысқы кезеңге дайындау жұмыстары аяқталуда

 

 

Жетісу облысында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда арнайы техниканың дайындығы 97%, инертті материалдар қорының жасақталуы 85%, жанар-жағармай қоры 95% болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазалау және көктайғаққа қарсы материалдар себу жұмыстарын 5 жол пайдалану басқармасы, ал облыстық маңызы бар жолдарда 6 мердігер ұйым жүзеге асырады.

– Қысқы кезеңге дайындық аясында жоспарланған 36 мың тонна инертті материалдың 31 мың тоннадан астамы әзірленді. Сондай-ақ жоспардағы 325 тоннаның 300 тоннасы көлемінде жанар-жағармай қоры дайындалды. Жолдарды қысқы күтіп ұстауға жоспарланған 246 арнайы техниканың 237-сі әзір. Оның 97-сі республикалық маңызы бар жолдарға, 149-ы облыстық маңызы бар жолдарға қызмет көрсетеді. Бұл ретте қажетті инертті материалдар қоры 1 желтоқсанға дейін толық көлемде жасақталады, – деді басқарма басшысының орынбасары Айдос Досжанов.

Арнайы техниканың қалған бөлігі қазіргі уақытта жөндеуден өтуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін олар да өңірдегі автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына жұмылдырылады.

Атап өтсек, Жетісу облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 035 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 050 км, облыстық маңызы бар жолдар – 2 763 км, аудандық маңызы бар жолдар – 222 км.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Иллюстрация ЖИ көмегімен жасалды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз