ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасының инженерлік-техникалық қамтамасыз ету бөлімі мен «Қорғас» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері Жаркент қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп-гимназияның «Жас шекарашы» тобының оқушыларына әскери-патриоттық бағытта экскурсия ұйымдастырды.
Кездесу барысында оқушылар шекара бөлімшесінің тыныс-тіршілігімен, қару-жарақ үлгілерімен, әскери техникалармен және бөлімшенің мұражайымен танысты. Сондай-ақ қызметтік иттердің мемлекеттік шекараны күзетудегі мүмкіндіктері көрсетілді.
Практикалық сабақ барысында әскери қызметшілер «ГАЗ Соболь» автокөлігі базасындағы оптико-электрондық кешен мен «УРАЛ-43206» базасындағы прожекторлық станцияның жұмысын таныстырды. Оқушылар заманауи инженерлік-техникалық құралдардың мүмкіндіктерін көріп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Іс-шара жас ұрпақтың әскери қызметке қызығушылығын арттырып, отансүйгіштік рухын қалыптастыруға бағытталды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті





























