Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев инвесторлармен кездесті. Кездесуде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, сақтау мен өңдеу ісіне қатысты жобалар талқыланды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшылығымен Harvest Group (Швейцария) халықаралық тобының құрамына кіретін отандық «Харвест Агро Холдинг» ЖШС өкілдері келді. Атап өтсек, бұл компания ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалау, тасымалдау және сақтаумен айналысады.
Кездесу барысында серіктестік өкілдері су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы жер асты суын пайдалана отырып, суармалы жерлерді игеруге ниетті екендіктерін жеткізді. Компанияның бас директоры Дәулет Увашевтің айтуынша, Жетісу облысында серіктестік жүгері, соя, жоңышқа өсіруді жоспарлап отыр. Одан кейінгі кезеңде өңдеу ісін қолға алмақшы. Сөйтіп инвестор «алқап – қоймалау – өңдеу» принципімен жұмыс істеуге әзір екенін білдірді.
Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев мұндай экономикалық тиімді жобалар нақты іске асырылатын болса, мемлекет тарапынан заң аясында қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.
— Су үнемдеу технологиясын енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу – біздің аграрлық аймақ үшін аса маңызды. Дегенмен бізге алдымен компанияның айқын бизнес-жоспарын, жобалық-сметалық құжаттамаларын таныстырсаңыздар. Содан кейін ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз, — деді Б. Исабаев.
Кездесу соңында қос тарап алдағы уақытта жобаны іске асыру мәселесі бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Атап өтсек, аталмыш компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өңір аумағында дзюдоға арналған спорт кешенін салуды бастады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев.





























