Тұқымнан өнімге дейін: Жетісуда қант қызылшасының ерте пісетін сорты пайдаланылады

Жетісу облысында қант қызылшасының жоспарланған 13,0 мың га егіс көлемін себуге алдағы көктемгі науқанға 17,4 мың себу бірлік тұқым дайындалуда. Бұл ретте өнімді уақытылы алу және оны өңдеуге дер кезінде қабылдау үшін ерте пісіп жетілетін сорты да пайдаланылады. Бұл туралы ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, қажетті тұқымның негізгі көлемін Көксу және Ақсу қант зауыттары қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласы бойынша қажетті тұқымға өтінім берген 396 шаруашылықтың тізімі Көксу зауытына, сондай-ақ Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарында себілетін тұқымға өтінім берген 122 шаруашылықтың тізімі Ақсу зауытына ұсынылды.

— Жоспарланған өнімді уақытылы алу мен қабылдау үшін қант қызылшасының ерте пісіп жетілетін тұқымын пайдалануымыз қажет. Былтырғы жылдың оң тәжірибесін ескеріп, шамамен 3500 гектарға ерте жетілетін 120 күндік «Авантаж» сорты себіледі, бұл зауыттардың қызылшаны 10 қыркүйектен бастап қабылдауына мүмкіндік береді. Биыл шамамен жалпы 585,0 мың тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Атап өтсек, өңірдегі қант зауыттарының өндірістік қуаттылықтарын ескере келе, биылғы жылы қант қызылшасы 13,0 мың гектарға себіледі немесе егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 838 гектарға артады деп межеленген.

— Ауыл шаруашылығы бағыттында біздің нақты жоспарларымыз бар, оларды жүзеге асыру үшін қажырлы еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстары жүріп жатыр, бұл облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Аталған науқан — шаруашылықтар үшін аса жауапты кезең. Оны уақытылы әрі сапалы өткізу — біздің ортақ міндетіміз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ә. Жақанбаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсіргендер: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев (архив).

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз