Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл аламан бәйгеде топ жарған жас шабандоз Амангелді Хамзамен жүздесті.
Ернат Дүйсенбекұлы аттың құлағында ойнайтын 9 жасар Амангелді Хамзаны өткен бәйгедегі жеңісімен құттықтады.
Естеріңізге салсақ, Амангелді Хамза 2 қыркүйек күні Жетісу облысы, Қаратал ауданы, Жаңаталап ауылында көрнекті жазушы, детектив жанрына қазақ әдебиетінде жол ашқан Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойында 31-шақырымды «Аламан-бәйгеде» оза шауып, Жұмыртұяқ атты сәйгүлігмен «Тойота Лэнд Крузер» автокөлігін жеңіп алған еді.
Хамза небәрі 9 жаста болса да, жылқының қыр-сырын жақсы меңгерген бала. Ол 3 жылдан бері қазақтың төл спортының бірі «Аламан-бәйгеге» қатысып жүрген ержүрек балдырғанның бірі.
«Арманым әкеме үлкен көлік мінгізу еді. Сол арман мақсатым орындалғанына өте қуаныштымын. Алдағы уақытта бұданда жоғары жетістіктерге жетемін деген сенімдемін», — деді жас шабандоз.