Жетісу облысында Халықаралық волонтерлер жылы аясында «ZHETISU VOLUNTEER: Бірлік. Ізгілік. Әрекет.» республикалық волонтерлер слеті ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген 70 волонтер, жастар ұйымдарының жетекшілері, волонтерлік қозғалыс өкілдері мен сала сарапшылары қатысты. Слетқа келген делегаттар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Талдықорғанда ағаш көшеттерін отырғызды, сол сияқты Текелі қаласында ұзындығы шамамен 38 шақырым болатын Дінмұхамед Қонаев атындағы көшенің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Jetisu jastary» КММ ұйымдастырған республикалық слеттің басты мақсаты — еліміздегі волонтерлік қозғалысты дамыту, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, волонтерлердің үздік тәжірибелерін ортаға салу және жастарды қоғамдық маңызы бар бастамаларға кеңінен тарту болды.
Республикалық слеттің салтанатты ашылуында «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры, Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Айбек Досымбетов сөз сөйлеп, волонтерлік қозғалыстың қоғамдағы маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде волонтерлік қызметке ерекше көңіл бөлініп, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына кең мүмкіндіктер жасалуда.
– Ең алдымен баршаңызды осы салтанатты іс-шараның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Соңғы жылдары мемлекет деңгейінде волонтерлік қызметке ерекше көңіл бөлінуде. 2020 жылмен және одан кейінгі кезеңмен салыстырғанда волонтерлер саны едәуір артты. Бұл елге қызмет етуді жүрек қалауымен таңдайтын жастардың қатары көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар волонтерлік қызмет алғаш рет Конституциямызда көрініс тапты. Сондықтан біз волонтерлерді қоғамның дамуына серпін беретін қозғаушы күштердің бірі деп санаймыз, – деді Айбек Досымбетов.
Осы күні еліміздің 20 өңірінен келген делегаттар 20 түп ағаш көшетін отырғызды. Сол сияқты бағдарлама аясында слеттің екінші күнінде қатысушылар Текелі қаласында ұзындығы шамамен 38 шақырым болатын Дінмұхамед Қонаев атындағы көшенің бойын тазалады.
Сонымен қатар слет аясында тәжірибе алмасу және волонтерлік қызметтің өзекті бағыттарын талқылауға арналған интерактивті сессиялар ұйымдастырылды.
Волонтерлік саладағы сарапшы, әдіскер әрі тренер Елена Амреева волонтерлік бастамаларды тиімді ұйымдастыру, еріктілермен жұмыс істеу және қоғамдық жобалардың нәтижелілігін арттырудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Жастар арасында танымал блогер, мотивациялық спикер Алпамыс Жарылқасынов волонтерлік қызметтің маңызы, жастардың белсенділігі және қоғамға пайдалы бастамаларды қолдау туралы ойларын ортаға салды.
Интерактивті кездесулер барысында қатысушылар өз өңірлеріндегі табысты тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа бастамалар мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Слет бағдарламасы аясында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Атап өтсек, Жетісу облысында волонтерлік қозғалысты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде өңірде 1 100-ден астам волонтер, 13 волонтерлік ұйым және 18 бастамашыл топ қоғам үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысуда. Олардың қызметі экологиялық акциялар ұйымдастыруды, қарттар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетуді, қайырымдылық бастамаларын іске асыруды, салауатты өмір салтын насихаттауды және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру бағыттарында.
Өңірдегі волонтерлік қызметті үйлестіруде 2023 жылы құрылған «Мейірімді Жетісу» фронт-офисі маңызды рөл атқарды.
Жыл басынан бері облыс волонтерлерінің қатысуымен мәдениет, білім беру, экология және денсаулық сақтау салаларында 6 мыңнан астам акция өткізілді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілді. Аталған іс-шараларға 50 мыңға жуық ерікті қатысты.
Екі күнге созылған «ZHETISU VOLUNTEER: Бірлік. Ізгілік. Әрекет» республикалық волонтерлер слеті еліміздің әр өңірінен келген белсенді жастарды ортақ мақсат төңірегінде біріктірген маңызды алаңға айналды. Слет барысында қатысушылар жаңа тәжірибе жинақтап, өңіраралық әріптестік байланыстарын нығайтты және алдағы уақытта бірлескен әлеуметтік әрі экологиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бастамаларды талқылады.
Волонтерлердің халықаралық жылы аясында ұйымдастырылған республикалық слет Жетісу облысында волонтерлік қозғалысты одан әрі дамытуға, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және волонтерлік мәдениетті кеңінен насихаттауға тың серпін берді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Қанат Өмірәлинов



























