Туляремия және алдын алу шаралары

4

Туляремия – табиғи ошақтық жұқпалы ауру. Солтүстік Американың Туляре графствосында 1911 жылы анықталғандықтан «туляремия» деп аталған.

Туляремия ауруының қоздырғышы – жай көзге көрінбейтін өте ұсақ микроб, табиғат жағдайлары бұл микробқа әр түрлі әсер етеді. Мысалы, күн сәулесі тікелей түссе туляремия микробы бір сағаттың ішінде жойылады. Ал суыққа өте төзімді келеді, яғни микроб салқын суда немесе ылғалды жерде ұзақ уақыт өзінің тіршілік қасиетін жоймайды.

Жетісу облысында  тұрғындар арасында туляремия індетінің эпидемиялық ахуалы  тұрақты. Соңғы жағдай 2004 жылы  тіркелді.

Туляремияның белгілері: туляремияның қоздырғышы адамның денесіне тері арқылы, ауыздың, көздің, тыныс алу мүшелерінің шырышты қабықтары арқылы еніп, көбейіп, 3-5 күннен кейін алғашқы белгілері біліне бастайды. Адамның дене қызуы кенеттен көтеріліп 38-39С дейін жетеді, басы қатты ауырып, бұлшық еттері сыздап, денесі құрысады, тамаққа тәбеті төмендейді, терлейді, ауырған адамның мойын, жұтқыншақ, қолтық немесе шап бездері қабынып, қол тигізбей ауырады.

Аурудың бір ерекшілігі туляремия адамнан адамға жұқпайды. Туляремия қоздырғышының тасымалдаушылары – кеміргітер (су тышқаны, су тоқалтісі, ондатра, аламан, үлкен құмтышқандар, үй және орман тышқандары).

Кенелер аурудың негізгі таратушысы болып табылады. Кенелер туляремиямен ауырған жануарлардан қан сорған кезде қанмен қоса аурудың қоздырғыш микробын бірге жұтып, оны бірнеше жылға дейін өз денесінде сол күйінде сақтайды. Аурудың табиғатта таралу жолдары жәндіктердің шағуымен ғана шектелмейді. Туляремиямен ауырған жануарлар өздерінің нәжістерімен, зәрімен бірге ауру қоздырушы микробты көбейтіп шығарып, қоршаған ортаны, суды, топырақты, шөпті ластайды.

Туляремияның жұғу жолдары:

  • жәндіктердің шағуы арқылы (кенелер, масалар, сона және т.б.);
  • ауру жануарлармен жанасқанда (аулағанда, сойғанда, терісін сыпырғанда және т.б.);
  • кеміргіштердің нәжістерімен ластанған су және тамақ арқылы;
  • шөп шабу, оны тасу, қора-жайды тазалау кезінде көтерілген шаң-тозаңмен бірге аурудың қоздырғыштарын ауа арқылы жұту кезінде.

Жетісу облысы бойынша филиалында  құрылған мобильді зоолого-паразитологиялық топ аумақтың эндемиялылығын зерделеу және қоздырғыштың айналымын бақылау  мақсатында көктем – күз айларында мониторинг жүргізілді. Туляремияның алдын алудың бірден-бір тиімді шараларының бірі – кеміргіштермен күрес, яғни дератизация, кенеге – дезинсекция шаралары. Жылына 2 рет туляремиядан қолайсыз елді мекендерде республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының мамандарымен дератизация, дезинсекция ісшаралары жүргізілді.Туляремиядан сақтанудың тағы бір жолы – туляремияға қарсы вакцинациялау. Жыл сайын қолайсыз елді-мекендердің 7 жастан 55 жасқа дейінгі тұрғындары туляремияға қарсы егумен қамтылады.

Жалпы осындай іс-шаралардың жүргізілуіне қарамастан, әрбір азамат жеке бас қорғаныш шараларын сақтауы қажет.

Атап айтсақ:

  • жеке қауіпсіздікті сақтау мақсатында табиғатқа шыққанда, оның ішінде жайылымдарда болғанда, дала жұмыстарына қатысқанда, далада демалу кезінде қорғаныш киімдерін кию;
  • ашық су көздерінен суды қайнамаған күйде қолданбау;
  • кеміргіштермен ластанған тағамды пайдаланбау;
  • ауылшаруашылық малдарын күткенде жеке бас гигиенасы шараларын сақтау керек.

 

Индира Кунбасова, Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз