Әскери қызмет табыстырған тағдыр

3

Отан – қастерлі ұғым. Оны қорғап, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету айбынды армия мен өзге де күштік құрылымдардың қасиетті борышы. Бүгінгі таңда даңқты бабаларымыздан мирас болған ерлік пен батырлық дәстүрін жалғастырған сарбаздар ел шебін қырағылықпен күзетіп, бейбіт өмірдің берік қалқанына айналып отыр. Қандай заман болмасын, Отанға адал қызмет ету – ең биік мәртебе. Сондықтан ел қорғау жолында жүрген әрбір азаматтың еңбегі қашанда құрметке лайық.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін маңызды әскери құрылымдардың бірі болып табылады. Соның қатарында 5514 әскери бөлімінің қызметі айрықша. Бұл бөлім қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әскери бөлімнің жеке құрамы күнделікті қызмет барысында құқық бұзушылықтардың алдын алып, ел ішінде тұрақтылықтың сақталуына үлес қосып келеді. Ұландықтар қоғамдық орындарда кезекшілік атқарып, тұрғындардың тыныштығын күзетеді. Сонымен қатар, олар төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, адам өмірін құтқаруға әрдайым дайын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық ұлан ішкі тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті сақтау міндетін қатар атқарып отырған өте маңызды әскери құрылым және жауынгерлер мен офицерлерге қойылатын талап жоғары екенін баса айтқан болатын.

Егемен еліміздің әрбір тарихи қадамының табысты болуына әскери қызметшілердің қосатын үлесі зор. Солардың қатарында әскери қызметті тек мамандық емес, өмірлік жол ретінде таңдаған жас отбасы –  Кайруллаев Жасұлан Қуанышбайұлы мен Сайранова Балжан Нұржанқызы бар. Олардың таңдауы тек өз тағдырын емес, ел тағдырын қорғауға бағытталған саналы шешім. Балжан Нұржанқызы Алакөл ауданы Көлбай ауылында дүниеге келген. Білімге деген ұмтылысы оны Талдықорған қаласындағы №11 орта мектепті сәтті аяқтап, жоғары білім алуға жетеледі. Ол Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде педагогика және психология мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін иеленді. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап 5514 әскери бөлімінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі, психолог қызметін атқарып келеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын маман ретінде ол әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық ахуалын нығайтуға үлес қосып келеді. Ал оның жұбайы Жасұлан Қуанышбайұлы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. Ол 2015 жылы Түркия Республикасының Анкара қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери академиясына оқуға түсіп, 2020 жылы лейтенант шенімен оқу орнын үздік тәмамдады. Әскери білімін тәжірибемен ұштастырған жас офицер еңбек жолын Батыс өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде взвод командирі лауазымында бастады. Кейін 2023 жылы 5514 әскери бөлімі құрамына ауысып, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің бастығы қызметіне тағайындалды. Қазіргі таңда капитан шенінде ел қауіпсіздігі жолында абыроймен қызмет атқарып келеді. Жас офицердің кәсіби біліктілігі, әскери тәртіпке деген адалдығы мен жауапкершілігі оның қызметтік  жолында айқын көрініс табуда. Ол өз ісіне тиянақты, ел қорғаны болуды өмірлік мұрат еткен офицерлер буынының жарқын өкілі.

Екі жас тағдырын әскери бөлімде тоғыстырып, 2024 жылы шаңырақ көтерді. Бүгінде олар бір қыз тәрбиелеп отырған ата-ана. Екеуін біріктірген ортақ құндылық – әскери қызметке деген адалдық пен жоғары жауапкершілік. Осы ұстаным олардың отбасылық өмірінің де берік іргетасына айналған. Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген жас жұп бір-біріне тірек болып, ел алдындағы міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Кейіпкерлеріміз «Біз әрқашан бейбітшілік пен тұрақтылықтың баға жетпес құндылық екенін ұмытпауымыз керек. Бұл бейбіт кезең ата-бабаларымыздың қажырлы еңбегі мен қайсар рухының, елжандылығының нәтижесі. Сұрапыл соғыс жылдарында жанын қиған батыр бабаларымыздың ерлігі бүгінгі таңда халқымыздың еселі еңбегімен, өзара сыйластығы мен ынтымағы арқылы жалғасып келеді. Ел тыныштығын сақтау тек әскери қызметшілердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ парызы деп білеміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз өркенді болуы үшін біз бейбітсүйгіш қасиеттерді сақтап, болашаққа нық қадам жасауымыз қажет»-деп атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз