Шекара шебінде шыныққандар

3

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Ел іргесінің бүтіндігін, мемлекеттің тыныштығын күзеткен айбынды ерлердің мерекесі. Осы айтулы күн қарсаңында біз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы, полковник Серік Төлеухановпен сұхбаттасқан едік.  Жиырма сегіз жылын шекара шебінде өткізген офицердің өмір жолы мен қызметі – бүгінгі жас ұрпаққа нағыз үлгі. 

Әр адамның тағдыры туған жерінің табиғатымен, тыныс-тіршілігімен астасып жатады. Серік Қабдылғазыұлы үшін де әскери өмір жат емес еді. Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында, нақ шекара іргесінде өскен баланың көз алдында күн сайын сап түзеген сарбаздар мен қырағы шекарашылар жүрді.

«Біздің ауыл шекаралық аймақта орналасқандықтан, шекарашылармен етене жақын өстік. Олар мектепке келіп, бізбен кездесулер өткізетін, сабақ беретін. Сол кезден бастап-ақ жасыл фуражка киген айбынды жауынгерлердің тұлғасы маған ерекше әсер етті. Мен үшін басқа таңдау болған жоқ тек қана мемлекеттік шептің күзетшісі болуды армандадым», дейді полковник өткен күндерді еске алып. 

Осылайша, 11-сыныпты  бітірген  соң, ол арнайы шекара академиясына оқуға түседі. Содан бергі 28 жыл уақыт ішінде шекара қызметі ол үшін жай ғана жұмыс емес, өмірінің мәніне, тағдырының ажырамас бөлігіне айналды.

Шекарашының қызметі іс жүзінде зор жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап ететін сала. Мұнда жұмыс уақыты сағатпен шектелмейді.

«Шекарашының қызметі басқа мамандық иелерінікі секілді таңертең басталып, кешке бітпейді. Біз әрдайым, кез келген секундта бұйрықты орындауға, шепке  шығуға дайын тұруымыз керек. Күн тәртібіміз ерекше. Ең  бастысы қырағылық пен төзімділік. Жауынгерлік дайындықтан бөлек, әр түрлі шекаралық операцияларға қатысу үшін моральдық тұрғыдан мықты болу шарт», дейді кейіпкер.

Оның  айтуынша,  мемлекеттік  шекарадағы  кез келген оқиға тек екі адамның арасындағы мәселе емес, екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас. Сондықтан шекара бұзушыны анықтаған сәтте дұрыс шешім қабылдау, суыққандылық таныту – офицердің кәсібилігінің белгісі.

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасы заманауи технологиялармен жарақталған. Серік  Қабдылғазыұлының айтуынша, қазіргі шекарашы тек атпен немесе жаяу жүретін күзетші емес, күрделі техниканы меңгерген маман.

Жетісу облысы бойынша департаментте де жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда: Дрондар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары: Адам аяғы басуы қиын таулы-тасты аймақтарды бақылауға мүмкіндік береді. Оптикалық арнайы жүйелер мен бейнебақылау: Күндіз-түні шекара периметрін жіті қадағалайды. Заманауи өткізу кешендері: Өткізу пункттерінде адамдар мен көліктерді жылдам әрі сапалы тексеруден өткізуге жағдай жасайды.

Бұл технологиялар шекарашылардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін бірнеше есеге арттырып отыр.

Әскери адамның өмірі – тұрақты көші-қон. Бір өңірден екінші өңірге ауысу, гарнизондарда тұру, кез келген отбасы үшін үлкен сын.

«Шекара қызметінде отбасының рөлі өте жоғары. Менің осы күнге дейін жеткен жетістігім, адал қызметім жарым мен балаларымның қолдауының арқасы. Егер үйіңде тыныштық болса, отбасың сенің қиындығыңды бөлісіп, кез келген аймаққа сенімен бірге баруға дайын болса, қызметің де оң болады. Офицердің арқасүйері оның жанұясы», –  дейді полковник жылылықпен.

Мақала соңында полковник болашағын әскери саламен байланыстырғысы келетін жастарға өз ақылын айтты. Оның пайымынша, шекарашы болу – тек киім киіп, қару ұстау емес, ол елге деген шексіз махаббат.

«Егер бойыңызда жауапкершілік, тәртіп, мықтылық пен абырой болса, шекара қызметіне келіңіз. Мерзімді қызмет болсын, келісімшарт немесе офицерлік жол болсын бұл сала адамды шыңдайды. Ол тек тәртіпке үйретпейді, ол өз Отаныңды шынайы сүюге, еліңді қорғауға үлес қосуға жетелейді».

Мерекелік тілек:

«7 мамыр –  Отан қорғаушылар күнімен барша әріптестерімді, ардагерлерді және ел азаматтарын құттықтаймын! Бұл  мереке біз үшін өте ыстық. Әскери ант берген сәттен бастап мойнымызға үлкен жауапкершілік алдық. Еліміз  аман,  жұртымыз тыныш болсын! Әр үйде қуаныш орнасын. Ал біз, шекарашылар, осы бейбітшілікті күзетуге әрқашан дайынбыз!», – деп жылы лебізін білдірді Серік  Қабдылғазыұлы.

Арай НҰР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз