7 мамыр — Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылған күні. Ата-баба қонысын көзінің қарашығындай қорғап жүрген қайсар мінез сардарларымыз бен сарбаздарымыздың төл мерекесіне орай «Ел намысын ер қорғайды, ер ерлігін ел қолдайды» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Мерекелік жиын ең алдымен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілерге құрмет көрсетуден басталды. Қала әкімі Ернат Бәзіл қатысушыларды Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылған күнімен құттықтап, қажырлы еңбек етіп жүрген бірқатар әскери қызметшілерді марапаттады. Өз сөзінде ол Отан қорғаушылардың ел тыныштығы мен тұрақтылығын сақтаудағы айрықша рөлін атап өтті. Салтанатты шара барысында Жетісу облысы гарнизонының бастығы, №18404 әскери бөлімінің командирі, полковник Алмас Төлегенов, сондай-ақ Жетісу облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Медет Турскелдиев мерекелік тілектерін жеткізіп, әскери борыштың маңыздылығына тоқталды. Жиын барысында №18404 әскери бөлімінің қызметкерлері жауынгерлік қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетіп, кәсіби шеберліктерін паш етті. Сонымен қатар, №18 орта мектептің кадет сыныптарының оқушылары қарумен дефиле жасап, болашақ әскери мамандардың дайындығын көпшілік назарына ұсынды. Мерекелік кештің ерекше сәттерінің бірі – Талдықорған қаласы бойынша әскер қатарына шақырылған жас сарбаздардың сахнаға шығуы. Ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге дайын жастарға қазақтың даңқты батыры, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының кітаптары естелік ретінде табысталды. Аталмыш шара өнер ұжымдары мен Талдықорған әскери гарнизонының үрмелі аспаптар оркестрінің мерекелік концертімен жалғасты.

























