Жуырда мектеп бітірушілерге «Түлек 2023 — Жаңа Қазақстанның ертеңі» ұранымен мемлекеттік аттестат тапсыру рәсіміне арналған «Аттандық бала шақтан болашаққа» атты салтанатты іс-шара өткізілді.
Талай шәкіртке тәлім беріп, қанатын қатайтып, өмірге жолдама берген мектеппен түлектер қимай қоштасты. Талдықорған қаласы бойынша жалпы білім беретін 26 мектеп және 3 жекеменшік білім ордалары бар. Биылғы оқу жылын 33 мыңнан аса бала ойдағыдай аяқтады. Оның ішінде мектептің 11-сыныбын 1263 түлек бітіріп шықты. Олардың ішінде 34-і «Алтын белгіні», 93-і «Үздік аттестатты» иеленді. «Білімді ұрпақ-ел ертеңі» дегендей, бұл күн оқушылар мен ұстаздар, аяулы ата-аналар үшін ұмытылмас күн болды. Қолдарына гүл шоқтарын ұстаған шәкірттердің қимас көңілін мұғалімдер қауымы анық сезінді.