Журналистика – түбі, шегі жоқ, терең мұхит тәрізді

433

Елімізде 28 маусымда  – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аталып өтті.Қазіргі заманды ақпаратсыз елестету өте қиын.  Бұл мерекеде қолына қалам, қолтығына микрофон қысқан БАҚ өкілдерінің еңбектері әспелеттелері сөзсіз.«Газет- халықтың көзі, құлағы Һәм тілі»-  деген ұлт көсемі  Ахмет Байтұрсыновтың сөзі бүгінде өз мәнін жойған жоқ.

 Оқиғалардың қалың легіндегі ақиқатты дөп басып, дүйім жұртқа шындықтың бетін ашатын осы журналистер қауымы. Ақпарат майданының сақшысы қолында қуатты қалам бар.  Қазіргі  баспасөздің жай-күйі турасында әріптестерден пікір сұраған едік.

Сарби ӘЙТЕНОВА, «Алатау» газеті бас редакторының орынбасары:

— Әр адам мамандықты жүрек қалауымен таңдаса, оның өмір-жолы да өзгеше өрілетіні  хақ. Дей тұрғанмен, осы тұста көбіміз ақсап қалып жататынымыз да бар. Өзімді   мамандық таңдауда жолым болған адаммын  деп санаймын. Мектеп қабырғасында жүріп қаламды серік еткендіктен жүрегім журналистика  әлеміне қарай жетеледі. Армандаған  мамандықтың иесі атандым. Одан бері  аттай зулап жиырма  бес жылдай уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде журналистикадағы  түрлі қызықтар мен қиындықтарға да тап болдық. Жүрек қалауымен таңдаған мамандық болғаннан соң да  әрине қызығы басым ғой…

Кәсібімнің  арқасында ел көріп, жер таныдық. 1999-2003 жылдар аралығында қалалық газеттерде еңбек етіп, тәжірибе жинақтадым. Ал 2003 жылдан бастап   облыстық «Жетісу» газетіне орналасуымның жөні тіптен бөлек. Осы газеттегі мықты ағайлар мен апайлардың арқасында күн сайын үйреніп,  сағат сайын жаңа нәрсені жадымызға  тоқыдық. Өзімді осындай  жақсы ортаға жолыққанымды  бағым деп санаймын.

 Мен үшін журналистикадан артық мамандық жоқ.  Журналистикада есімі танымал бір  ағамыз айтқандай,  журналистиканың түбі, шегі жоқ. Ол – түбі жоқ, терең мұхит сынды. Оның суын қанып іше бергің келеді….Студент кезде  бір ұстазымыз айтатын-ды: «Журналистика – кәсіп. Бірақ ол – кез келген адам игере алмайтын кәсіп»  деп. Яғни Алладан берілетін өнер десек болады. Бүгінгі таңда игере алмайтын кәсіпті илеу еткендер  көбейді… Қолынан жазу келмесе  де біреудің жазған дүниесін оңай олжа етіп алатындардың қатары сейілмей тұр. Оны өздері біле -тұра арланбайды да. Бір кем дүние дерсің?!  Мұнан өзге  «мен журналист болмаймын, диплом үшін оқып жүрмін» дегендер де жетіп артылады.  Қалай десек те,  журналистиканың  көтеретін жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары мамандық екенін естен шығармасақ  деймін.

 

Меруерт МҰРАТҚЫЗЫ, «Жетісу» телеарнасының тілшісі:

— Кез келген мамандықтың қызығы мен шыжығы қатар жүреді емес пе? Міне, журналистикада да солай. Қарда ізі қалмаса да, қағазда аты, эфирде заты бар шығармашылық туынды жасайтын қызығы мол кәсіп. Қоғамда орын алған қайшылықтарды сөз етіп, олардың түйінін тарқатып, қолдау күткен жанның проблемасын шешіп, олардың көңілдеріне ізгілік ұялататындығын айта кеткен жөн секілді. Қоғамның игілігі үшін жан аямай күресу пешенелеріне таңбаланып қойғандықтан, бұл мамандықты таңдағандар салаға жан-тәнімен беріліп, оның жолында бәрін құрбан етуге даяр болып келеді. Ұдайы тың көріністерге тап болып, әркез түрлі оқиғалар мен деректердің сырына терең бойлайтындықтан журналистер барлық саладан хабардар зерделі жандар. Бүгінгі таңда журналистерге қойылатын талаптар – бұрынғыдан әлдеқайда қатаң.  Бәсекеге төтеп бере алатын білікті, білімді, шебер маман ғана тұрақты қызмет ете алады. Біріншіден, таза шығармашылық талаптарға қоса, журналист жаңа техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс істей алуы керек.Мектепте оқып жүргенде журналист болуды армандадым. Телеарнада қызмет жасағаныма 14 жылдай болды. Бұл жұмыстан  үйренер көп болды, осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтадым.

Гүлайым ҚЫЛЫШБАЕВА, мұғалім:-  Менің де журналистика деген қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандыққа  қатысым бар.  «Талдықорған» газеті  ашылғандағы  алғашқы 5 жылда  қызмет жасадым. Өзім Талдықорған пединститутының орыс тілі мен орыс әдебиеті факультетін бітіріп, мектепте  жұмыс жасап жүрген кезім. Еліміз бойынша тоқырау кезі басталды. Жалақыны уақтылы алмаймыз, кейде мүлде жоқ. Осындай уақытта қалада енді ғана жарық көрген газетті жаздыртып оқып тұратынбыз. Екі тілде,  сол кезде 10 мың данамен шығып, қала мен жақын аудандары қамтитын.   Қазақша –орысшасы   екі бөлек басылады, кейбір  сүбелі, проблемалы мақалалары аударылып басылады екен. Содан осы газетке аудармашы  қажет деген хабарландырудың   шыға келмесі бар емес пе? Мектептегі мұғалімдікті қойып, журналистер ортасына келдім.  Бас редактор Тұрлыхан Кәрім қарсы алды. Жауап хатшы Мәулетхан Ақсан, орыс бөлімі бойынша орынбасар Тұрсын Шеңгелбаев менімен әңгімелесіп, аудармашы етіп жұмысқа қабылдады. Мектепте оқып жүргенде әдебиетке деген сүйіспеншілігім керемет болды. Мұғалім шығарма жазып келіңдер деп тапсырма берсе, ол үшін неше күн,неше түн толғанатынмын. «Шығарма жазу шедеврі»  болдым. Сол шығармаларымды мұғалімім үлгі етіп оқып беретін еді. Арасында осылай жазу керек дейтін. Міне, осындай әдебиетке деген, қасиетті қаламға деген сүйіспеншілікпен қалалық газеттің редакциясында тамаша адамдармен қызмет істеу бақыты бұйырды. Аудармашы ғана емес, ол жерде тілші, аға тілші болып дәрежем өсті. Қаланың кәсіпорындарына баратын автобус жоқ болса жаяу баратын едік. Кейде басшы ағалар сол мекемелермен хабарласып «сендерге корреспондент бара жатыр, көлік болса жіберіңдер» деп те өтініш айтатыны есімде. Бір-біріімізге бауырдай жанашыр болдық, бір үзім нанды бөліп жеп, өте тату  едік. Кезекшілікке қала сыртындағы аккумулятор зауытына баратынбыз. Аймақтағы газеттің бәрі сол жерде басылады. Біздер газеттің қазақ жағы және орыс жағынан  екі адам  кезекшілікке кезекпен баратынбыз. Кейде тіпті таңға дейін  жүріп, газетті басуға қол қойып, шығу процесін көзімізбен көріп бір-ақ қайтатынбыз.  Журналистер қандай қиындық көріп, ұйқысы қанбай жүрсе де қабақ шытпайтын. Ертесі ертемен келіп, тапсырмаларды орындап, жиналыстарға қатысып жүре беретін. Газет ол кезде аптасына 3 рет, кейін 2 рет шығып тұратын. Мамандықтың абыройын биік ұстап, шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген осы «Талдықорған» газетіндегі шығармашылық ұжымға табыс тілеймін. Қаламдарыңыз ұшқыр, еңбектеріңіз табысты болсын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз