Балалардың сауықтыру лагерлеріне қойылатын талаптар

1591

Бірнеше аптадан кейін барлық оқушылар үшін көптен күткен жазғы демалыс басталады. Жаз – демалыс, ойын-сауық, денсаулықты қалпына келтіру уақыты. Ата-аналардың көпшілігінде балаларының жазғы демалысын қалай ұйымдастыруға болатындығы туралы мәселе туындайды. Ата-ананың барлығы дерлігі отбасылық бірлескен демалысқа шығып немесе баласына демалудың басқа түрлерін ұйымдастыра алмайды. Ата-анасы жұмыста болған кезде бала көбінесе үйде жалғыз қалып, компьютер, смартфон және теледидар алдында уақыт өткізеді.
Ең оңтайлы шешімнің бірі – балаңызды балаларды сауықтыру объектілеріне, яғни жазғы сауықтыру лагеріне жіберу.
Балаларды сауықтыру объектілері (маусымдық және жыл бойы жұмыс істейтін) – ол балаларды сауықтыру, олардың демалысы кезінде жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру үшін жағдай жасайтын, 6 жастан бастап балаларды сауықтыруға арналған объектілер, сондай-ақ балалардың демалыс базалары мен орындары. Мұндай уақыт өткізудің өзіндік артықшылықтары бар. Баланың бос уақытының көп бөлігі ашық ауада өтеді. Бұл денсаулыққа пайдалы әсер етеді. Баланың өкпесі оттегімен қанығып, ал терісі күн ванналарын қабылдайды. Оқушыларды тәртіп пен өзін-өзі ұйымдастыруға үйретеді, балалардың әл-ауқатына оң әсер етеді.
Балалардың сауықтыру объектілеріне қандай талаптар қойылады? Балалардың сауықтыру объектілері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 10 тамыздағы № ҚР ДСМ-78 бұйрығымен бекітілген «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Балаларды сауықтыру және санаторий объектілерінде балаларды тамақтандыру кемінде бес рет, қосымша екінші таңғы аспен немесе кешкі аспен, тамақтану арасындағы аралық 4 сағаттан аспайтындай етіп көзделеді. Ас арасындағы аралықта ас мәзіріне тамақтану рационы мен нормасын сақтай отырып, қымыз немесе қышқыл сүт өнімін қосу арқылы тамақтандыруды ұйымдастыру қажет. Балалар мен жасөспірімдердің рационында витаминді-минералды кешенмен байытылған тамақ өнімдері, дайын тағамдарды «С» дәруменімен витаминдеу жүргізіледі. Медициналық персонал балалардың денсаулық жағдайына динамикалық бақылау жүргізуді, шынықтыру, сауықтыруды жүргізуді қамтамасыз етеді.
Лагерьлерде жазғы сауықтыру маусымының ашылуының алдында жөндеу-қалпына келтіру және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады және жүргізіледі:
1) үйлерді жөндеу жұмыстары (ағымды/күрделі жөндеу жұмыстары);
2) инженерлік желілердің, желдету және ауа баптау жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігін тексеру;
3) ауыз суды зерттей отырып, сумен жабдықтау құрылыстары мен желілерін профилактикалық жуу және дезинфекциялау;
4) аумақты тазалау және абаттандыру;
5) профилактикалық дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шараларды жүргізу;
6) зертханалық-аспаптық зерттеу жүргізу (ас блогынан ауыз су сынамалары: бактериологиялық, санитариялық-химиялық зерттеулерге; жабық жүзу бассейндері мен ванналарынан, жағажайлардан бактериологиялық, санитариялық-химиялық, вирусологиялық, паразитологиялық зерттеулерге су сынамалары; топырақ, құм: паразитологиялық, бактериологиялық көрсеткіштерге);
7) сауықтыру науқаны басталар алдында және әрбір ауысым аяқталғаннан кейін техникалық персонал күрделі жинау жүргізу;
8) жазғы сауықтыру лагеріне жұмысқа қабылдау алдында персонал міндетті, профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өтуді, медициналық қарап-тексеруден және гигиеналық оқытудан өткенін куәландыратын құжаттың болуын қамтамасыз етеді.
Балаларды сауықтыру ұйымдары эпидемиялық маңызы жоғары объектілерге жатады. Маусымдық жазғы лагерьлерде балаларды сауықтыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар объектілерді пайдалануға беру алдында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына өтінішпен жүгінеді. Бұл мемлекеттік қызмет «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығына сәйкес көрсетіледі.
Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды – мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалау объектілерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігін куәландыратын құжат.
Балаларды сауықтыру лагеріне қабылдау үшін қандай құжаттар қажет? Балаларды қабылдау келесі денсаулық жағдайы туралы құжат болған кезде жүзеге асырылады: «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген 071/у нысаны бойынша «Сауықтыру лагеріне баратын оқушыға арналған медициналық анықтама» деген денсаулық жағдайы туралы құжат, инфекциялық аурулармен байланысы жоқ деген анықтама. Сонымен қатар, Жетісу облысының бас санитариялық дәрігерінің м.а. 2023 жылғы 02.05. №3 Қаулысына сәйкес, балаларды қабылдау қызылшаға қарсы иммундық статустары болған кезде жүзеге асырылады.
Жазғы сауықтыру лагерінде өткізген уақыт балалар үшін көптеген жылдар бойы есте қалады. Өйткені, Сіздің балаңызға көптеген жағымды эмоциялар мен жаңа достар сыйлайтын басқа орынды табу қиын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз