Жаздың жайма шуақ күндерінде аталынып өтетін мерекелер аз емес. Соның бірі — Медицина қызметкерлері күні. Маусымның айының үшінші аптасында аталып өтетін кәсіби мерекенің орны ерекше. Аталған күнді мыңдаған дәрігерлер, дәрігерлік салада жұмыс істейтін қызметкерлер ерекше күтеді. Денсаулық пен дәрігерлердің қадірін пандемия кезінде анық түсінгендей болдық. Халықтың денсаулығын сақтау жолында барын сала күрескен ақ халаттылардың өздері де көз жұмды. Сондықтан да болар,бұл күнде халықтың өзі дәрігерлерге деген ықыластарын жасырмай, өз алғыс тілектерін білдіреді. Осынау мерейлі мереке қарсаңында халықтың денсаулығы күзетіндегі дәрігерлермен жолығудың сәті түскен еді.
Айбол Тұрапұлы, Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың урология бөлімінің меңгерушісі,уролог-андролог дәрігер: «Бұл мерекені денсаулықтың қадірін түсінетін дүйім жұртшылықпен бірге ерен еңбектің бағаланатын күні деп есептеуге болады. Біздің алдымызда күнделікті түрлі сырқатпен науқастар келіп жатады. Енді бірі ем-дом, операциядан соң сауығып кетіп жатады. Өмір қуанышымен қайта сауыққан адамды көріп, кеудені қуаныш кернейді. Сол кезде толассыз еңбек еткен күндер көз алдымнан өтеді».
Айбол Тұрапұлы 2015 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін ойдағыдай тәмамдап, 2015-2018 жылға дейін №22 қалалық поликлиникада жұмыс жасайды. Жас дәрігер білімін жетілдіру мақсатында урология және андрология бойынша резидентура оқиды. Жоғары біліміді, білікті маман Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада урология бөлімінің меңгерушісі ретінде атқарар жүгі ауыр. Күнделікті емделушілерді қабылдау, диагноз қою, қолданатын ем-домды анықтау, отадан соң бақылау,кеңес беру, жоспарлы оталар науқасқа жасалады. Оның сыртында жедел оталар бар. Берген кеңесті орындамай қайталап түсетіндер де кездеседі. Ағзадағы әртүрлі урологиялық дерттік процесстері бар пациенттерді емдеудің мол тәжірибесі жинақталып үлгерді. Осылайша, пациенттерге жедел және жоспарлы түрде урологиялық көмек көрсетіледі.
Айболдың басшылығымен урологиялық түрлі оталар қолданыста, мәселен, эндоскопиялық, лапароскопиялық, микрохирургиялық және тағы басқа Тбилисидегі Американ-Грузия клиникасында бүйрек ісігінің лапаростикалық урологиясы бойынша мастер-кластан өтіп келгені де тәжірибесін одан әрі шыңдауға көмектесті. Ол облысымызда штаттан тыс бас урологы. Сондай-ақ, Қазақстан урологтары қоғамының мүшесі.Ағылышын тілін жақсы меңгерген ол халықаралық конференциялар мен шеберлік сыныптарға қатысады. Алда осы урология бойынша докторантураға оқу және тағылымдамадан шетелден өту жоспарда бар.