Биыл жер жәннаты Жетісудың жампозы, Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, дарынды ақын, қарымды журналист Қайрат Әлімбектің дүниеге келгеніне 60 жыл. Осыған байланысты 16 мамыр қаламгердің туған күні Талдықорғанда «Жырға айналған жампозым» атты арнайы еске алу кеші өтті. Оған өңір тұрғындарымен бірге еліміздің әр аймағынан келген зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Қайрат Әлімбеков 1963 жылдың 16 маусымда Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Үшарал ауылында дүниеге келген. 1985 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген. Қысқа ғана 43 жылдық ғұмырында аудандық басылымдардан бастап, Қазақ радиосы, «Жас алаш», «Жетісу» газеті сынды облыстық, республикалық деңгейдегі бірқатар басылымдарда жемісті еңбек еткен. Шығармалары «Жыр маржаны» — 10 томдық поэзиясының антологиясына енумен қатар «Сезімнің гүлі», «Жоқ іздеген жігітпін», «Намыс найзагері», «Махаббатстан» жеке кітаптары жарық көрген.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен өткен Қайрат Әбдіраманұлын еске алу шарасы алдымен қасиетті Қаратал өңіріндегі марқұмның зират басына барып құран бағыштаудан басталды. Осыдан соң жиналған қауым Талдықорған қаласында орналасқан М.Тынышбаев атындағы тарихи өлке тану мұражайына ат басын тіреп, ондағы ақынға арналған арнайы бұрыштың ашылу салтанатында болды. Мұражайға қаламгерлердің көзі тірісінде қолданған жеке заттары, естелік суреттері, әртүрлі басылымдарда жарық көрген шығармалары қойылған. Шара облыс ораталығындағы Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында жалғасын тауып, онда қаламгердің «Жоқ іздеген жігіт» атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Бір мың дана мен баспадан шыққан кітапқа қаламгердің таңдаулы туындылары топтастырылған. Кеш шымылдығы түріле салысымен көрерменге «Жетісу» телеарнасының шығармашылық ұжымы дайындаған ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнебаян көрсетіліп, өлеңдері оқылды.
Осы орайда сөз алған ақынның досы әрі курстасы, аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы: – «Біз Қайратпен ҚазМУ-де бірге оқыдық, бір бөлмеде тұрдық. Журналистика саласында 1980-ші жылдарда қатар қызмет еттік, үзеңгілес, пікірлес, дос-жолдас болдық. Қайраттың мінезі көпшіл, парасаты терең, бойында лапылдаған жалыны бар, арынды, адуынды, рухты азамат еді. Оның ойға ұтқыр, сөзге шешендігі, азаматтық болмысы, елжанды мінезі жырларынан айқын аңғарылып тұратын. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп Ілияс ақын айтқандай, биыл біз жерлес ақынымызды еске алып, 60 жылдық мерейтойына орай тағылымды шаралар ұйымдастыруды жөн көрдік. Келесі жылдан бастап Қайрат Әлімбекке арнап жыл сайын тұрақты түрде жас ақындардың шығармашылық байқауын өткізбекшіміз. Бұл — ақын рухының жас таланттарды шабыттандыруға, шыңдауға шарапаты тисе деген ниеттегі игі бастама. Осы сәттен бастап ақынның екінші ғұмыры – мәңгілік ғұмыры басталды деуге болады. Жетісу топырағы төл таланттарымен мақтанады. Соның бірі – Қайрат Әлімбек аз жасаса да мәнді өмір сүрді. Тереңнен толғады, рухани ортаға құбылыс болып келді. Оның мұрасын насихаттау, сол арқылы қазақ руханиятының ортақ игілігіне айналдыру – біздің парызымыз», – деді.
Еске алу шарасына алыс-жақыннан келген адамдар арасынан белгілі профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан, Жақыпжан Нұрғожаев, Бейсенбай Жолдасбекұлы, Қазыбек Иса сынды танымал дарын иелері ақын туралы орамды ой айтып, тың естеліктерімен бөліссе, ақын Маралтай Райымбекұлы мен Қайрат Әлімбектің немересі Абдрахман арнау жырларын оқып ыстық ықыласын білдірді. Кеш барысында өңір өнерпаздарының орындауында ақынның сөзінде жазылған әндер шырқалып, соңында дастарқан жайылып, Құран оқылды.