Сезім сырлары

375

Ақын  Айнұр Оразбайқызы 1976  жылы 1 қыркүйекте дүниеге келген. Өлеңдері түрлі басылымдарда үзбей жарық көрумен қатар «Сезім тамшылары», «Жүректегі ағыстар», «Көсеге» сынды бірнеше кітапқа енген. «Періште жырыма сенемін» атты жеке жыр жинағының авторы .

                  Тез оралшы

Сыңғыр-сыңғыр дүниенің етек-жеңін гүл қылып,
Жақпар-жақпар асулардың тас емшегін идіріп·
Оттай ыстық мейіріңе жүрегімді құл қылып,
Тағы келе жатырмысың , мен сүйетін «нұр жігіт».

Қара түндей шаштарымды саусағыңа ілдіріп,
Жастығыма, пәк күніме көздеріңді тұндырып.
Сездірместен ұрлап жүрсің  сезіміңді білдіріп,
Тағы келіп, құсым болып шулармысың , «қу жігіт».

Гүл сыйлайсың қуандырып, шабыт беріп еркіме,
Сен сыйлаған қуанышпен жетіп келем сертіме.
Анам еріп келердей-ақ күтіп жүрмін ентіге,
Кеудем жанып, сөзден қалып, сағыныштың өртіне.

Тұнған арман, дауа барма  дүниенің дертіне,
Көз тоймайды, көңіл іңкар бұл ғаламның көркіне.
Тағымызға, бағымызға тез оралшы ерке құс,
Жаратқаннан,  жарқын сапар, ашық аспан жол тіле.

Анама қоңырау шалдым

Анама қоңырау шалдым жалғанып тұр,
Сол сәтте  жарқын әлем арбалып дүр .
Бар қырсықтың басынан аттап өтіп,
Шаттығым шарықтайды, қолға алып гүл.

Анама қоңырау шалдым, қарғам, — деді.
Бақыттан толқын атты арман көлі.
Өздігінен құлпырып сала берді,
Мендегі тіршіліктің талған белі.

Анама қоңырау шалдым, күліп тұрды ,
Өзгермес қоңыр үні түріп мұңды.
Қайсарлығың қызыңа қанат сыйлап,
Кеудемді кернеп кетті жыр ұшқыны.

Анама қоңырау шалдым, бармын,  балам,
Дегенде жанып кетті, бал-бұл,  ғалам.
Бақытым, аман болшы, жалғыз тілек,
Қайғыға қауашағын жарғызбаған !

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз