Құрметті жетісулықтар!
Қадірлі қауым!
Баршаңызды Жетісу облысының құрылғанына бір жыл толуымен құттықтаймын. Туған өлкеміз көркейіп, өсіп-өркендей берсін.
Өткен жылы 8 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Жетісу өз алдына жеке облыс болды. Шекарасы белгіленіп, бюджеті нақтыланды. Содан бергі бір жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық салаларда, қоғамдық-саяси өмірде нақты қадам, анық жоспарлары сәтті іске асырыла бастады. Енді жыл сайын 8 маусым облыстың құрылған күні ретінде аталып өтетін болады.
Тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Жетісу аймағы – сулы, нулы өлке. Түгін тартсаң майы шығатын, шыбық шаншысаң тал болатын жер. 800 мыңға жуық халқы бар бұл өңірдің адами ресурстары да, табиғи байлығы да жеткілікті.
Өткен жылы облыс құрылған 8 маусымда Жетісу аумағында 42 сәби өмірге келген еді. Бүгін облыс күнінде сол кішкентай бүлдіршіндер бір жасқа толып отыр.
Береке-бірлік, татулық, өзара түсіністік бар жерде тұрақтылыққа да, дамуға да қол жеткізуге болады. Отаншылдық, елжандылық деген туған өлкеңе, туған аймағыңа қамқорлық жасаудан басталады. Өйткені ел – ортақ, жер – ортақ, болашағымыз – ортақ.
Осы орайда адал еңбек ету мен халыққа қалтқысыз қызмет ету арқылы Жетісу аймағын гүлдендіруге, көркейтуге бірлесіп атсалысу – баршамыздың міндетіміз.
Құрметті жетісулықтар!
Бүгінгі мерейлі күнде баршаңызға зор денсаулық, толайым табыс, бейбіт те берекелі өмір тілеймін.
Жетісу жерінің ырысы молайып, ынтымағымыз арта берсін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!