Жетісу облысының құрылғанына — 1 жыл. Осы айтула күнге орай облыс орталығы Талдықорған қаласында көптеген шаралар бастау алды. Соның бірі былтыр туып, биыл 1 жасқа келген сәбилердің тұсауы кесілді. Жалпы алғанда, облыс бойынша былтырғы жылы 42 сәби дүние есігін ашса, оның 11-і Талдықорғанның кішкентай тұрғындары. Салтанат сарайында өткен салтанатта Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли жиналғандарды құттықтады. Жетісу облысынң әкімі Бейбіт Исабаевтың бүгінгі туған күн иелеріне арнаған ыстық ықыласын жеткізді.
«Жетісу облысы құрылған күні дүниеге келген сәбилеріңіздің 1 жасқа толуымен құттықтауымды қабыл алыңыздар. Ұрпақ жалғастығы – әрбір отбасы үшін үлкен бақыт. Ал, отбасы – отанның бір бөлшегі. Сондықтан, әр жас отаудың қуанышы бәрімізге ортақ.
Жас ұрпақ Жетісудың саясында жадырап күліп, жайқалып өсіп, бақытты балалық ғұмыр кешсін. Бөбектің тәй-тәй басқан қадамы құтты болып, елдің арқа сүйер азаматы болып ер жетсін. Отбасыларыңызға амандық, бақыт, береке-бірлік тілеймін»,-делінген құттықхат балғындардың ата-аналарына табысталды.
Алматы облысының және Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Несіпжамал Баймадиева, белгілі театр және кино әртісі Алмахан Кенжебекова сынды апалар мен облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт Айкөркем, егіздер Дария мен Нұрия есімді сәбилердің тұсауын кесті. Тәй-тәй басқан сәбилердің өмірінің жарқын болуына тілектестік білдіріп, шашу шашып, ақ бата берілді. 1 жасқа толып, тәй-тәй басқан бүлдіршіндерге қоларба тарту етілді.