Талдықорған қаласында ардагерлер кеңесі құрылғалы бері дәстүріміз дәріптеліп, салтымыз жаңғырып, өшкеніміз қайта жанғандай. Жас буынның бойына адамгершілік қасиеттерді дарытуда абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыздың берері мол-ақ.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен облысымызға еңбегі сіңген азаматтардың есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында естелік тақта қою рәсімі жыл сайын жалғасын тауып келеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Сталинград қаласын қалпына келтіруге үлес қосқан жетісулық 88 қыздың бірі – Нұрғайша Алдекеноваға шаһарымыздың Желтоқсан көшесіндегі №17 үйге ескерткіш тақта орнатылды. Ол кісі өмірінің соңғы жылдарын осы үйде тұрып, балашағасының арасында өткізген болатын. Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен,қала әкімінің қолдауымен қазақ елінің өркендеуіне үлес қосқан Жетісу өңірінің азаматтарына арнап «Естелік тақта» орнату шарасы одан әрі жалғаса бермек.
Ақшабай Керімбеков, Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Ата-әженің тәрбие мектебінен өткен бала қоғамның мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, отаншыл болып қалыптасатыны хақ. Сондықтан да, қалалық ардагерлер кеңесі мүшелері «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат», «Даналық мектебі» сынды іс-шаралармен қатар еліміздің өркендеуіне атсалысқан азаматтардың есімін дәріптеу мақсатында мекенжайларына «Естелік тақта» орнатуды жалғастыруда. Міне, бүгін, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі қарсаңында Нұрғайша апамызға салтанатты жағдайда естелік тақта орнатылып жатыр. Қаршадай қыздың Сталинград қаласын қалпына келтіруге қатысуы, соғыс аяқталған соң еліне келіп, Тасболаттай ағамызбен жарасып, 10 баланы тәрбиелеп өсіруі, еліне адал қызмет етуі-батырлық іс дер едім. Анамыздың жатқан жері жайлы болып, артында қалған ұрпағы аман-есен, өсіп, өне берсін.
Ермек Келемсейіт, Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы:
– Бүгін бәріміз үлкен қуанышты жағдайда тұрмыз. 1943 жылы соғыстан кейін тас-талқаны шыққан Сталинград қаласын қайта қалпына келтіруге аттанған қазақстандықтардың арасында сонау Қорам балалар үйінен барған 88 қыздың бірі болып үлес қосқан Нұрғайша апамызға «Естелік тақта» орнатылып жатыр. Бойжеткен қыздардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы керек.Осындай апаларымыз бен аталарымыздың салған сара жолынан жаңылмай, егеменді еліміздің туын биік ұстар азаматтар көп болсын.
Марат Әйнеков, Ауған соғысының ардагері:
– Мен, Нұрғайша апа мен Тасболат ағаның жерлесімін. Әке-шешелеріміз өте жақын араласты. Бірін бірі көрмесе сағынып тұратын. Әлі есімде, соғыстан екі аяқсыз оралған Тасболат ағамызды апамыз жаз маусымында арқалап алып шабындыққа шөп шабу үшін, ыңғайлы жерге әкеліп шалғыны қолына беріп отырғызып кететін. Кеш қарайғанша ол кісі айналаның шөбін шауып, маялап тастайтын. Сол жинаған шөбі қыстай малына азық болатын. Жастайынан қандай қиыншылық көрсе де мойымай, дүниеге 10 бала әкеліп, тәрбиелеу үлкен ерлік дер едім. Нұрғайша апамыздың жасы 80-нен асқан кездің өзінде көзәйнексіз кітап оқып отырғанын көріп таңқалған едім. Ол кісі туралы айтар әңгіме көп. Міне осындай тарихи тұлғаларды есте қалдыру мақсатында үлкен еңбек атқарып жатқан облыстық, қалалық ардагерлер кеңесіне, қала әкіміне айтар алғысымыз шексіз. Есімі ел есінде мәңгі қалды. Бұл – талдықорғандықтарға үлгі. Апамыздың артында қалған ұрпақтары аман болсын.
Әлсейіт Алдекенов, баласы:
– Біздің анамыздың еңбегін бағалап, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, өзі тұрған үйіне естелік тақта қойылып жатыр. Қала басшыларына, ардагерлер кеңесіне көп рақмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Бұл – өскелең ұрпаққа үлгі. Анамыз соғыстан кейін әкемізбен бас қосып, 10 баланы дүниеге әкеліп, бәрімізді ешкімнен кем қылмай өсіріп,оқытып, шаңырақ көтеруімізге көмектесті. Анамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Дариға Алдекенова, қызы:
– Анамыздың ерлігі мен еңбегі еленіп, осындай салтанатты шара өтіп жатқанын көру біз үшін үлкен бақыт. Қуанышымызға ортақтасып жатқан барша қауымға көп алғыс айтамын. Әке-шешеміз мейірімді, ұлағатты, еліне өте сыйлы, құрметті, өнерлі, білімді болған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, мәңгілік мекеніне аттанды. Ол кісілердің жатқан жері жайлы болсын.
Ұрпақтары жиын барысында құран бағыштап, ата-аналары туралы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, соғыс кезінде майдангерлерге рух берген әннен шашу шашты. Әулеттің үлкені Есенбала әпкеміз отбасындағы әке мен ана бекітіп кеткен барды бағалау, жоққа мойымау, кішіге қамқор болу, кісілік пен кішілікті, дос пен жарды аялау, ұрпаққа жақсы тәрбие беру ісін жалғастырып келеді. Текті ұрпақтың бойындағы ізгілік қасиеттерге өзінен кейінгі буынды тәрбиелеу арқылы әке мен шеше даңқын асқақтата түскендей.
Гүлжанат НҰРШАНОВА