Жетісуда үздік бастауыш сынып ұстазы кім?

315

Облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2025» байқауы өтті. Еңбек өтілі 5 жылдан кем емес он педагог өзара бақ сынады.

         Өңірдегі ұстаздардың мәртебесін көтеру маңызды. Осы мақсат аясында педагогикалық мәдениеті жоғары һәм авторлық жаңашыл идеясымен көзге түскен мамандар өзара бақ сынап, тәжірибе алмасты.

         «Мұнда біз педагогтердің кәсіби беделді тұлға қалыптастыруда атқаратын рөлін айшықтаймыз. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге жол ашамыз. Осындай байқаулар арқылы мамандар тәжірибе алмасып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгереді», дейді облыстық әдістемелік орталығының мектепке дейінгі және бастауышта білім беру бөлімінің басшысы  Бибігүл Ахметова.

         Жарыс барысында қатысушылар күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес сабақ өткізеді. 45 минут көлемінде бейтаныс сыныпқа сабақ береді. Заман талабына сай өзіндік әдіс-тәсілдерімен ерекше көзге түскен оқытушы үздік деп танылады.

        Нәтижесінде Қаратал ауданына қарасты Жамбыл атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мереке Өмірәлиева бас жүлдені қанжығалады. Одан кейін Панфилов ауданынан келген Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлзат Ерсарықызы бірінші орыннан көрінді. Ал Сарқан ауданынан келген Н.Островский атындағы гуманитарлық-экономикалық мектеп-лицейінің мұғалімі Ляззат Тұрғанова екінші орынға лайық деп танылса, үшінші орын Көксу ауданы, М.Құрманов атындағы №2 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гульназ Атымановаға бұйырды.

         Қатысушыларға Алғыс хат пен арнайы сертификат табысталды.

Мұхтар КҮМІСБЕК

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз