Талдықорған қалалық қоғамдық кеңестің кезекті 4-ші отырысы Тіл сарайында өтті. Қоғамдық кеңестің төрағасы Жексенбай Мейрембаев жиынды ашып, күн тәртібінде қаралатын 4 бірдей маңызды мәселелерге тоқталды. Бірінші мәселе — «Қатты тұрмыстық қалдықтар тарифін бекіту» жобасы бойынша Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев баяндама жасады.
«Қазіргі таңда қала бойынша 15392 қоқыс жәшіктері орнатылған. Оның сыртында саябақтар, саяжайлар, Көктал, Шығыс шағын ауданы, 3-бөлімше және де жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандар бар. Бүгінде қала халқы 200 мыңға жетіп отыр. 800-ден аса көпқабатты тұрғын үйлер бар. Өнім өндіріп күнделікті қоқыс шығаратын кәсіпорындар да жетерлік. Оның үстіне заңды тұлғалар саны 14 мыңнан асады. Мұның бәрін айтып отырған себебім- қала бойынша шығарылатын қоқысты жинақтау, тасымалдау ісінде жүйе жоқ. Қатты қалдықтарды жинау жұмысымен 10-нан аса мекеме айналысады екен. Бірақ та, жұмыста реттілік жоқ, бекітілген тариф жоқ. Осы жинау, жеткізу, іріктеу, полигонға көму жағын реттеу үшін тариф болуы керек. Сондықтан да, жеке тұлғаларға тариф мөлшері 379,53 теңге болса деген ойдамыз. Осы мәселені өздеріңізбен талқылап алсақ »,-деді қала басшысы.
Қазір қаламызда Алматы қаласынан шақырылған мамандар қатты қоқысты тасымалдау, іріктеуге қатысты жұмыс жасауда.
Пікір білдіргендер қатары көп болды. Әрине, қоқыстың белгіленбеген жерде шашылып жатпауының бір жолы- тариф бекіту, әр тұрғын мөлшерін біліп отырса, жинақтайтын мекеме алып-кетіп тұрса мәселе туындамайтын еді дейді қоғамдық кеңес мүшелері. Ережеде мүгедектер мен көпбалалы, аз қамтылған тұрғындарға жеңілдіктер қарастырылса деген пікір айтылды.
Бұл мәселе бұдан әрі қалалық мәслихат депутаттарымен талқыланып, шешілетін болады.
«Кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін бекіту туралы» күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Талдықорған қаласы тұрғын үй инспекциясы және тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ басшысы Айдос Жақыпбек қысқаша баяндады.
«Талдықорған қаласында 822 көпқабатты тұрғын үйлер бар. Оның 293-інің 59-ы ПИК –ке біріккен болса, 69 үйге 11 басқару компаниялары қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 75 үйге мүлік иелерінің бірлестігі, 226 үйге жай серіктестік құрылып, қызмет атқаруда. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне дара (бөлек) меншіктегі пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан басқа,қасбеттері, кіреберіс, дәліз, баспалдақ алаңдары, лифтілер, үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар, үй жанындағы учаске, абаттандыру кондоминиум заңы бойынша ортақ бөліктер саналады. Ал бүгінгі күнге дейін Талдықорған қаласы бойынша тариф мүлде бекітілмеген. Ал кондоминиум объектісін тиісті күйде ұстау үшін қаражат та жинақталмайды. Мысалға, қазіргі таңда қала бойынша тариф бекітілмегені үшін бір шаршы метрге 10 және 41 теңге аралығында төлем жүргізілуде. Ал министрліктің арнайы бұйрығына сәйкес қала бойынша 2023 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және оның мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төменгі мөлшері есептелді. Ол бір шаршы метр үшін 27 теңге болып шықты»,-деді Айдос Молдашұлы.
Осыған байланысты қоғамдық кеңес мүшелеріпікір білдірп, ұсынысты қолдады.
Сондай-ақ, отырыста «2022 жылы қала бюджетінің атқарылуы» бойынша қалалық қаржы бөлімінің басшысы М.Ибрагимованың есебі тыңдалды.
Тағы бір мәселе – «Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау» турасында Талдықорған қаласы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Арай Саутбеков баяндады. Баяндамада айтылғандай, оқытуға жұмсаған шығын мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе заңды өкіліне беріледі. Ол үшін ақпараттық жүйелерге мәліметтерін беруі тиіс.
Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша шешімдер қабылданды.