Қазақстандағы алғашқы жекеменшік «Нұр Авиценум» медициналық мекемесінің негізін қалаушы Владимир Крайсман эксклюзивті сұхбатында клиникада қолданылатын табысты басқару шешімдері және медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі туралы айтып берді.
Медицина саласында көпжылдық тәжірибесі бар маманның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтауды дамытудағы және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып табылады. Көптеген елдердің озық медициналық тәжірибелерінен бастау алған бұл жүйе, денсаулық сақтау саласына айтарлықтай пайда мен жақсартулар әкеледі. Алайда МӘМС жүйесінде қаражатты ұтымды жұмсау басты рөл атқаратынын атап өту маңызды. Қаржыландыруды бағыттау аймақтың қажеттіліктеріне және пациенттерге қамқорлық жасауға негізделуі керек.
-Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі көптеген аспектілерде өзінің тиімділігін дәлелдеді: біріншісі-консультациялық-диагностикалық көмектің ұлғаюы. МӘМС жүйесі барлық азаматтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігіне кепілдік береді. Бұл дегеніміз, тіпті табысы төмен адамдар да қаржылық қиындықтарға тап болмай-ақ сапалы медициналық көмек ала алады. Екінші. Медициналық ұйымдарды ынталандыру. Жүйені енгізу медициналық ұйымдарды көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ынталандырды. Олар пациенттерді көбірек тарту үшін бір-бірімен бәсекелеседі, ал бұл медициналық көмек стандарттарын жақсартуға ықпал етеді. Үшінші және өте маңызды мәселе — медицина қызметкерлерінің жалақысының өсуі. МӘМС денсаулық сақтауды қаржыландыруды арттырды, бұл медицина қызметкерлерінің жалақысын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Қызметкерлердің мотивациясына әсер ету және біліктілігін арттыру, өз кезегінде медициналық қызметтердің сапасын жақсартты. Лайықты жалақымен және үздіксіз біліммен қамтамасыз ету медициналық сақтандыру жүйесінің табысты жұмыс істеуінің негізгі аспектісі болып табылады. Денсаулық сақтау мамандары медициналық көмектің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін ынталы және жоғары білікті болуы керек, — дейді Владимир Крайсман.
Ол сондай-ақ қосымша қаражат есебінен заманауи жабдықтарды сатып алу және материалдық-техникалық базаны жақсарту мүмкіндіктерін атап өтті:
-Медициналық мекемелерді заманауи және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету басым бағыт болып табылады, өйткені бұл диагностиканың дәлдігі мен емдеудің тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Мұнда бәрі қатаң түрде салалық негізде болуын ескеру маңызды. Кейде қымбат техниканы сатып алу мәселесі туындайды, бірақ оның шын мәнінде қажеттілігін сараптау қажет. Біз клиника үшін белгілі бір техниканы сатып алудың негіздемесіне қатты көңіл бөлеміз.
Владимир Крайсман «Нұр Авиценум» медициналық орталығының тәжірибесінде халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігі туралы айтты. Осылайша, МӘМС жүйесін енгізумен клиникада консультациялық-диагностикалық көмек көлемі айтарлықтай өсті. Пациенттер «Сақтандырылған» мәртебесінің арқасында консультациялар мен диагностиканы тегін алады, бұл сырқатты ерте анықтауға және дер кезінде емдеуге ықпал етеді.
-Бүгінгі таңда біздің орталықта педиатриялық топты қоса алғанда, 27 мамандық бойынша консультациялық-диагностикалық қабылдау жүргізілуде. Пациенттер өте риза, өйткені қазір олар тек емхананы ғана емес, тіпті дәрігерді де таңдауға құқылы. Жүйенің тиімділігі сөзболған кезде жоғары сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі туралы айта кеткен жөн, бұл азаматтардың денсаулығына қамқорлық жасаудың басты көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Оның жарқын мысалдардың бірі — біздің клиниканың нефрология бөлімі. Науқастың бүйрек функциясында елеулі проблемалар туындаса және гемодиализ қажет болса, бұл өмірді құтқару мәселесіне айналады. Өз тәжірибемде үйлерін сатып, осы маңызды медициналық көмек қолжетімді Алматы қаласына көшуге мәжбүр болған пациенттерді кездестірдім. Бұл олардың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болды, өйткені біздің өңірде гемодиализ алу мүмкіндігі болмады. Ал бүгінгі күні МӘМС қаражаты гемодиализге жұмсалатын шығындарды жабады және пациенттер осы медициналық көмекті тұрғылықты жерін өзгертуге мәжбүр болмай-ақ ала алады. Осылайша, біздің клиникада Қазақ-Герман жобасы аясында заманауи диализ орталығы құрылды. Бұл орталықта қазір 15 аппарат жұмыс істейді. МӘМС арқасында пациенттер гемодиализге кедергісіз қол жеткізе алатынын атап өтеміз. Бұл дегеніміз, енді қаржылық мәселелер өмірді құтқаруға кедергі болмайды. Себебі МӘМС әрбір адамға сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді, — деп түйіндеді дәрігер.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы