Жетісудың киелі жеті өзенінің бірі-қасиетті Қараталдың бойында туып-өсіп, бабалар өсиетін бойына сіңіріп, ата-ана тәрбиесінен қуат алған Құлдыбаев Сапарғали Иманғалиұлы Кәлпе ауылындағы орта мектепті 1976 жылы тәмамдайды.
1977-ші жылы Совет Армиясының қатарына шақырылып, Семейдегі әскери бөлімдердің біріне түседі. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған қатарластарымен бірге түрлі әскери оқу-жаттығуларға қатысып, темірдей тәртіптің қыр-сырын меңгереді. Тағдырдың жазуы болар, бозбала шақта естіген Семей ядролық сынақ алаңындағы жарылыстарға өзі де қатысып,алапат зұлматты басынан өткеруге тура келді. Азаматтық міндетін атқара жүріп, көзінен жарақат алған Сапарғали Иманғалиұлы госпитальда ем қабылдап,қатарға қосылады. Әскери өмірдің екі жылын артқа тастап, отбасына оралысымен құрылыс саласына жұмысқа орналасады. 1998-ші жылға дейін облысымыздың түрлі саласында автокөлік жүргізушісі болып еңбек етеді. Бірақ, әскерде жүріп алған жарақаты зардабынан денсаулығы сыр беріп,жұмыстан қол үзуге тура келеді. Бүгінде Семей полигонынының ардагері ретінде жастар тәрбиесіне үлесін қосып келеді. Әскер қатарындағы азаматтардың шен-шекпеніне қарамай Президентіміздің Жолдауында айтылғандай, заң мен тәртіпті қата сақтауы қажет екенін әрдайым айтып жүреді. Жас сарбаздардың Отан алдындағы борышын алаңсыз өтеуі әсіресе маңызды. Олар елдің болашағы-, дейді ардагер.