Қазақстан премьер-лигасының өз мәресіне жетіп командалардың қай орынға табан тірегендерін нақты білгенге санаулы күндер қалды. Осы жылғы Жетісу аяқдопшыларының айы оңынан туып, кесте басынан көрінбесе де, үздік бестік қатарында болғаны қуантады. Біраз жылдар бойы мұндай жақсы қырынан танылмаған Жетісулықтар үшін бұл керемет көрсеткіш. Мұндай жетістіктікке септігін тигізген  бас бапкер Д.Огайдың өз міндетін орындап, жанкүйерлерді жеңіспен қуантып жатқанын айта кеткен жөн болар.

Чемпионатты жеңілістің кермек дәмімен бастаған жерлестерімізді үздік ондықтың арасынан көрсек шүкір етердей күйде болғанымыз жасырын емес. Алайда, жарыстың орта тұсынан бастап аяққа тұрған футболшылар тез арада әр ойынды өз бақылауына ала білді. Осылайша үздік бестікке ілінген талдықорғандықтар бесіншіден көтерілер ойы жоқ. Есесіне төмен түспегініне қуанамыз. Мәселен, соңғы екі ойын осының дәлелі. 30-тур аясында «Жетісу» Петропавл қаласына барып «Қызылжар» командасымен жасыл алаңдағы айқасқа түскен болатын. Тең дәрежеде өрбіген ойынның орта тұсында қожайындар Е.Алтынбековке қарсы ойын ережесін бұзды. Стандартты жағдайдан М.Куклис айып добын зымыранша ұшырып, қақпашы А.Цириннен айласын асыра білді. Есеп бір де нөл. Қарсыластар ұзаққа дейін А.Шабановтың маңына жете алмай біраз әуре-сарсаңға түсті. «Қызылжар» жанкүйерлері үмітін үзбей  қарымта соққыны күтумен болды. Уақыт өткен сайын ойын ушыға бастады. Қонақтар қақпасын торауылдаған қожайындар діттегеніне жетіп, айып алаңына кірген У.Делич он бір метр жерден соққы жасап, есепті теңестірді. Иә, естеріңізде шығар осылайша жанкүйерлерді күйзелткен кездесу аяқталған болатын. Содан не керек, 31- турда төртікке ілігерміз деп атыраулықтарды сарғая күттік. 27 қазанда «Жетісу» футбол алаңында өткен жарыстың куәсі болдық.

Талдықорған қонақтарын самал жел өпкен шайдай ашық аспанымен қарсы алды. Ойынның басынан-ақ, қожайындар алаңда үстемдігін көрсете білді. Шабуылдаушылар сан мәрте қақпаны нысанға алып, әбігерге түскенімен, қарсылас тараптың сауатты қорғанысы қақпашыны селт еткізердей сәттерге мүмкіндік бермеді. Жанкүйерлер қарасы аз болғанымен «Же-ті-су» деп үлкен алаңды жаңғыртып отырды. Жасыл алаңның жағдайы жақсы емес. А.Бекбаевтің  қақпа маңындағы бір қателігінің өзі алаң иелері үшін үлкен қауіпке апарып соқтырары күмәнсіз байқалды. Осындай теке тіреспен өрнектелген бұл ойынның бірінші бөлігінде жанкүйерлер тек «Же-ті-су», «Тал-ды-қор-ған» деп ұрандаумен болды. Екінші таймның басталуын екі жақа  қарап жаман емес деп топшыладық. Қақпадан қақпаға бағыттылған соққыларға қарап бір қызықтың боларын үміттене күткеннен түк шықпады. Екі жақтың ұпай үшін сақтық шараларына қамданғандарын көрінеді. Қарсылас тараптан Қ.Қалмұратов пен К.Огонесянның  допқа таласып, шеберліктерімен көзге түсті. О.Хромцев, Р.Степанюктар ала допты ұршықша иіріп әкеп, қақпа маңында адасып қалып төбе көрсеткендері болмаса, тамсана қарайтын еш қыбыр байқалмайды. Қосымша уақыт қосылғанда ғана ширақтық танытқан командалардың қимылынан есеп еш өзгермеді. Екі сағатқа созылған ойын екі жаққа да, еш нәтижесіз болып аяқталды. Ендігі бар үмітіміз 32- турда болмақ.

«Жетісу» – «Атырау» арасында болған ойын жайлы «Жетісу» футбол клубының бас бапкері Дмитрий Огай http://fc-zhetisu.kz сайтынды пікір білдірді. (Орысшадан аударылған)

-Чемпионат соңында бәріне ұпай керек. Қарсыластарға да, бізге де. Мұндай ауыр әрі күрделі ойынның нәтижесі заңды деп ойлаймын. Көрермендер үшін осындай ойындарды көру өте қиын. Себебі, өткір шабуылдар болмады. Ойын алдында біз жігіттерге өз алаңымызда өте мұқият болу керек екенін ескерткен болатынбыз. Өйткені, қарсыластар стандартты жағдайларды жақсы қолдана біледі. Екінші нөмірлі болып, сауатты жақсы қолданатын футболшылары бар. Ал, шабуылға келер болсақ, қарсыластар қорғанып үлгермей қалатындай жылдамдықпен шабуылдар жасауымыз керек болатын. Өкінішке орай бұл біздің қолымыздан келмеді.

Мадияр ТОҚАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK