Елімізде «Антиконтрафакт» республикалық акциясы басталды

49

ҚР Әділет министрлігі 1 сәуір мен 23 сәуір аралығында «Антиконтрафакт» республикалық акциясы өтетінін хабарлайды. Шара зияткерлік меншік құқығын қорғау саласында азаматтардың білімін арттыру және қоғамның контрафактілік өнімдерге төзбеушілігін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылуда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Жетісу облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Елтай Аубакиров бөлісті.
«Аталған акция шеңберінде түрлі конкурстар ұйымдастырылмақ. Атап айтсақ, 1-10 сәуірде «Ортақ болашақ үшін инновация және шығармашылық» тақырыбындағы 10 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған үздік сурет байқауы өтеді.
Конкурс екі кезеңде тұрады. Бірінші кезең облыс бойынша өтеді. Әділет департаментінде құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 12 сәуірде байқау жұмыстарына комиссиялық қарау ұйымдастырады, оның нәтижелері бойынша бір үздік жұмысты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне жіберіледі.
Екінші кезең – республикалық, ҚР Әділет министрлігінде жеңімпаздарды іріктеу бойынша қорытынды кезең 19 сәуірде болады. Конкурстық комиссия үздік жұмысты іріктейді. Қатысушылар тұрғылықты жері бойынша әділет департаментіне баланың туу туралы куәлігінің суреті мен көшірмесін қоса бере отырып, өтінімді ұсыну қажет», – деді спикер.
Одан бөлек, 1-15 сәуір аралағында «Ортақ болашақ үшін инновация және шығармашылық» тақырыбындағы БАҚ өкілдеріне арналған үздік ақпараттық материал бойынша республикалық байқауы ұйымдастырылуда. Қатысушылар жұмыстарын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне b.satzhanova@adilet.gov.kz электронды поштасына жібереді. Байқауға үміткер Instagram, adiletgovkz парақшасына жазылу және Instagram желісінде #АкцияАнтиконтрафакт2024 @adiletgovkz «Ортақ болашақ үшін инновация және шығармашылық» тақырыбындағы жазба қалдыруы керек. Жеңімпаздар 26 сәуірде «Антионтрафакт» республикалық акциясының жабылу салтанатында бағалы сыйлықтармен марапатталады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз