Вирус тасымалдаушы кене адамды шаққанда нерв жүйесін зақымдайтын кене энцефалит ауыруына себеп болатынын білу қажет.
Кене денеге қадалғанда ауырсыну тудырмайды. Кене тұмсығымен теріні тесіп, қанды сорғанда, оның көлемі 80-200 есеге өседі. Осы кезде қанға вирус енеді. Кене қадалуға қолайлы орындар: бастың шашты бөлігі, мойын, бел аймағы, қолтық асты, іш және шап аймағы.
Аурудың ағымы кененің денеге қадалу аймағы мен қанды сору уақытына байланысты. Сырқаттану жиі кенеттен басталады, жоғары дене қызуы көтеріледі, бас ауруы, жалпы әлсіздік, бұлшықет серпілісі төмендейді. Жүйке жүйесінің зақымдалғандықтан бұлшық еттің тартылуы, салдануы болып, өлім-жітімге дейін алып келуі мүмкін. Сырқаттану сирек жағдайда салқын тиіп ауырған кездегі симптомдары сияқты басталып, кейін жүйке жүйесінің зақымдануы байқалады.
Аурудың қоздырғышы флавивирус (Flavivirus) туыстастығына жатады. Вирустың ерекшелігі залалсыздандыру заттарына, ультракүлгін сәулелеріне төзімсіз, бірақ төмен температураларда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Залалданған сүт өнімдерінде вирус 2 айға дейін өзінің қасиетін сақтайды. Табиғатта вирус иксод кенелерінің организмінде болады. Сонымен қатар, вирус адамнан басқа жабайы және үй жануарларын, соның ішінде сиыр, ешкі сияқты жануарларды зақымдауы мүмкін. Сондықтан инфекция кене шаққан кезде, кенені басып, жаншыған кезде, тікелей және термиялық өңдеуден өтпеген ауру малдың сүт және сүт өнімдерін пайдаланған кезде жұғады.
Кене энцефалиті ауруынан сақтану шаралары қарапайым және қолжетерлік.
Есте сақтаңыз:
— Киім матасы неғұрлым денеге жабысқан болса, соғұрлым кененің денеге ену мүмкіндігі аз;
— Табиғат аясында болғанда бастың шашты бөлігін және денені қарау;
— Денеден алынған кенелерді өртеу;
— Теріге қадалған кенені кез келген маймен жағып, 15-20 минуттан кейін пинцетпен немесе жіппен байлап алып, абайлап шығару, орнын спиртпен залалсыздандыру.
— Кенені сәтті алу, яғни кененің басы мен тұмсығын қиып алмау үшін пайдаланатын жіп өте жұқа болмауы керек;
— Кене шаққанда міндетті түрде ақысыз кенеге қарсы иммуноглобулин алу үшін медициналық көмекке жүгіну.
— Кене энцефалитімен сырқаттанудың алдын алудың басты шарасы кене энцефалитіне қарсы вакцинация алу.
«Ұлттық сараптама орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жетісу облысы бойынша филиалының аса-қауіпті инфекциялар зертханасында иммуноферменттік анализ әдісімен кене шаққан адамдардың қан сарысуы кене энцефалиті және Лайм боррелиоз ауруларына ақылы түрде тексерілуге болады.
Жыл сайын республикалық бюджет есебінен облыста ашық аумақтарда, халықтың жаппай демалыс орындарында, демалыс бақтарында кенеге қарсы жою шаралары ұйымдастырылады. Кене энцефалитіне қарсы өңдеу жұмыстары Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларында жүргізіледі.Кене шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініңіз, кене энцефалитінен өзіңізді қорғаңыз!
С.Байдильдинова
ҚР ДСМ СЭБК Жетісу облысы
СЭБ департаменті
инфекциялық және паразиттік
ауруларды эпидемиологиялық
бақылау бөлімінің
жетекші маманы