Еске салсақ, 18 қаңтар күні сағат 22:30-да белгісіз адам газ құбырының қақпағын сындырып, жоғары қысымды жерасты газ құбырын жауып тастап, соның салдарынан Талдықорған қаласының «Көктал», «Шығыс» шағын аудандары мен Еркін ауылының 3 мыңнан астам абоненті көгілдір отынсыз қалған болатын.
Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, әлеуметтік нысандар алғашқы 2 сағаттың ішінде резервтік жылыту көзіне қосылды.
Апат болған сәттен бастап қала бойынша Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, Талдықорған қаласы әкімдігінің, «ҚазТрансГаз» АҚ, «ИнтерГаз Орталық Азия», «Жетісу Газ сервисі» және құқық қорғау органдарының қызметкерлері дамылсыз жұмыс жүргізді. Жөндеу бригадалары тұрғын үйлерді газға кезең-кезеңімен қосу үшін аулаларды аралады. Барлық жұмыстар уақтылы қолға алынып, аталған жағдай қалпына келтірілді.