Талдықорғандағы «Жастар» Спорт сарайында жылдағы дәстүр бойынша қала әкімінің бүлдіршіндерге арналған «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты шырша тойы өтті,-деп хабарлайды taldykorgan-online.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік шараға 500 бала қатысты. Балалардың қуанышты сәтіне қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы қатысып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Қала басшысы өз сөзінде: — «Барлығың осы жылы жақсы оқып, спорттық жетістіктерге жетіп, жаңа жылды қуанышты көңіл-күймен қарсы алғалы отырсыңдар . Жаңа жылда жаңа табыстарға қол жеткізіп, жаңа білімді игеріңдер. Жаңа жылда армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендей беріңдер.» — деп мерекелік лебізін білдірді.
Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алған балалар ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті.
Айта кетейік, аталған мерекелік шараға қаламыздағы көп балалы, аз қамтылған, толық емес отбасыларынан шыққан оқу озаттары, ерекше қажеттілігі бар балалар, жетім балалар және «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері де қатысты.