Алмахан Кенжебекова «Umai – 2023» ұлттық сыйлығының иегері атанды

375

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова өнер саласындағы «Umai – 2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» номинациясында «Актерлік шеберлік» (үздік әйел адам рөлі) сыйлығымен марапатталды.

 Аталмыш сыйлық  Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің отандық мәдениет ұжымдары мен қайраткерлерінің  шығармашылық жетістіктерін одан әрі дамыту мен дәріптеу мақсатында тағайындалған. Яғни еліміздің кәсіби шығармашылық ұжымдарына және  жекелеген өнер қайраткерлеріне  шығармашылық табыстары мен   кәсіби жетістіктері үшін беріледі. Мұндағы мақсат жаңа есімдерді және отандық мәдениет пен өнерді дамытудың  тенденцияларын анықтау, еліміздің бірыңғай мәдени кеңістігін дамыту, мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ,   жасампаз жобаларға халықаралық мәдени қауымдастықтың назарын  аударту болып табылады.  Өнер майталмандарын қолдауға бағытталған сайыста  Қазақстанның театр, музыка, хореография, бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер саласындағы үздік дәстүрлерін сақтау және дамытуда еңбек етіп жүрген жандар бақ сынасты. Биыл екінші рет ұйымдастырылған шараға қатысу­шылардан 322 өтінім ке­ліп түссе, финалға 114 адам өткен. Олардың ішін­де тек 29-ы ұлттық сыйлықтың иегері атанды.

Айта кетейік, мәдени және білімді қоғам құруда рухани миссиясын адал атқарып жүрген мақтанышымыз Алмахан Нүрпейісқызы 1975 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясын бітіріп, сол жылы өңірімізде тұңғыш ашылған  театр қабырғасында еңбек жолын бастады. Яғни, жас театрдың шаңырағын көтеріп, уығын шанышқандардың бірі. Шығармашылық өмірі театрмен біте қайнасып бірге жасасып келе жатқан Алмахан Кенжебекова қатыспаған қойылым жоққа тән. Әуезовтың «Қаракөзінде» — Мөржан, «Абайында» — Әйгерiм, «Түнгi сарында» — Жантастың шешесi, «Хан Кенеде» — Бопай, «Бәйбiше – Тоқалда» — Ғайша, Ғ. Мүсiреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» — Мақпал, Б.Майлин мен Ж.Аймауытовтың «Аласапыранында» — Қалипа, I.Жансүгiровтың «Исатай – Махамбетінде» — Балды, Н.Хикметтің «Елеусiз қалған есiл ерінде» — Әйел, Т.Ахтановтың «Күшiк күйеуінде» — Гүлжамал,     «Шырағың сөнбесінде» – Алевтина, С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдысында» — Сәбира, Б.Тоғысбаевтың «Ақын Сарасында» — Сара, Ш.Айтматовтың «Жәмиләсында» -Жәмилә, «Арманым-Әселімде»  — Хадиша, «Ақ кемесінде» — Қара кемпір, «Ана – Жер – Анасында» — Толғанай, Д.Исабековтың «Әпкесінде» — Қамажай, А.Вампиловтың «Сүйінші табылдысында» — Макарская, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде – Фармон бибі, Иран-Ғайыптың «Ана аманатында» — Ана, Б.Римованың «Қос мұңлығында» — Күлзипа, И.Ғайып «Естайдың Қорланы», С. Балғабаев «Ең жақсы еркек»- Меңгеруші, М.Әуезов «Абай» трагедия – Зейнеп образдарын көрермен есінен кетпестей етіп асқан шеберлікпен сомдады. Алмахан Нүрпейісқызы актрисалығымен қатар әншілік, сазгерлік талантымен де белгілі дарын иесі. Оның «Ақ қайың» әндер жинағы мен өнер әлеміндегі тұңғыш прозалық туындысы «Өнер сүйген жүректен» атты кітабы 2010 жылы баспадан жарық көрді. Оның қаламынан туған «Күйшi», «Абай туралы аңыз» инсценировкалары республикалық театрлар фестивалінде жүлделі орынды иеленді. Кино актрисасы ретінде де бірнеше фильмдерде өнерімен көзге түсті. «Күнә», «Прыжок афалины», «Қымбатты менің балаларым» бейнефильмдерінде түрлі рөлдерде және Талғат Теменовтың «Көшпендiлер» көркем фильмiнде қалмақ батыры Шарыштың анасын әлемдік дәрежедегі киножұлдыздармен қатар ойнады. Сахна шебері  жас артистердің тәлімгер ұстазы, ақылшысы, театрдың аяулы анасы болып отыр. Жолдасы Кендебай Темірбайұлымен жас шәкірттерді өнерге, отансүйгіштікке баулып, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда  еңбегі орасан.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз