Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда параспортты дамыту және мүгедектігі бар азаматтардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Енді @parasport_kz_bot Telegram-боты арқылы әр адам өзіне қолайлы спорт түрін таңдап, өңіріндегі спорт секцияларын тауып, жаттықтырушымен байланыса алады. Жаңа цифрлық қызмет мүгедектігі бар азаматтардың спортқа қолжетімділігін арттырып, жаттығуды бастауына мүмкіндік береді.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорттық даярлау орталығы адамның денсаулық жағдайы мен тұрғылықты өңірін ескере отырып, қолжетімді спорт түрлерін таңдауға көмектесетін Telegram-ботты іске қосты.
Оны пайдалану үшін тұрғылықты өңірін, спорт бағытын және денсаулық жағдайына байланысты шектеу санатын көрсету жеткілікті. Осы мәліметтер негізінде бот таңдалған өңірде қолжетімді спорт түрлерінің тізімін ұсынады. Сондай-ақ WhatsApp арқылы спорт ұйымының менеджерімен хабарласуға, Instagram парақшасына өтуге және 2ГИС қосымшасынан спорт мектебінің мекенжайын табуға болады.
Қолжетімді спорттық орта қалыптастыру жаңа таланттарды анықтауға және еліміздің спорттық резервін толықтыруға жол ашады.
Telegram-боттың іске қосылуы – осы бағыттағы жұмыстың кезекті қадамы. Жаңа қызмет спортпен айналысуға ниетті азаматтарға қажетті ақпаратты бір жерден алуға, өзіне қолайлы секцияны жылдам табуға және спорт ұйымымен тікелей байланысуға мүмкіндік береді.
Telegram-ботқа сілтеме: https://t.me/parasport_kz_bot
Дереккөз: ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми сайты





























