Жетісу облысында екі қант зауытының жалпы өндірістік қуаттылығы 950 мың тоннаға дейін өседі. Соның ішінде Ақсу зауыты 450 мың тоннаға, Көксу зауыты 500 мың тоннаға жеткізбек. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жансүгіров ауылындағы М. Байсақұлы атындағы Мәдениет үйінде өткен аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, биыл қант қызылшасы мен қант қамысынан 101 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарлануда. Бұл ретте екі қант зауытын жаңғыртуға тартылатын инвестиция көлемі 54 млрд теңгеден асады. Жалпы, 2026-2028 жылдары облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 299 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан 2,7 млрд теңгеге 2 жоба — «Архарлы Майбүйрек» ЖШС, «Агрохолдинг Жетісу» ЖШС іске қосылды. Сондай-ақ Көксу ауданында қуаттылығы 15 мың тонна құс етін өндіретін «Белес-Агро» құс фермасының құрылысы басталады.
— Ирригациялық жүйелерді жаңғырту бойынша биыл облыста жалпы құны 47 млрд теңге болатын 9 жоба іске асырылуда. Соның нәтижесінде 3,2 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіліп, 34,3 мың гектар алқап толық сумен қамтылды. Облыста бүгінгі күнге су үнемдеу технологиялары 45,5 мың гектарға енгізілген. Ақсу ауданында Ислам Даму банкі арқылы қаражат бөлініп, ауданның суару желілеріне реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін толығымен аяқталып, 11,5 мың гектар аумақта сумен қамтамасыз ету жақсартылады, — деді Б. Исабаев.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен Қызылағаш суару массивінің құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары 98% орындалды, биыл толығымен аяқталады.
Облыс әкімі өз сөзінде пайдаланылмай жатқан жерделді мемлекет меншігіне қайтару жайына да тоқталды. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына, соның ішінде өнеркәсіп пен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайлы айтты. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда жол салу, сумен және газбен қамту, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандар салу мәселелері де сөз болды.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі:
– Соңғы 2 жылда Ақсу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім бар. Бұл бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру қажет. Аудан басшылығының басты міндеті – халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, – деп түйіндеді Б. Исабаев.
Айта кетейік, сол күні Бейбіт Исабаев аудан әкімдігінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Жұмабай Мұсабеков түсірді және бірқатар фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.


























