Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды институт. Ал мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекетке деген сенімді нығайту. Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы мен жоғары моральдық қасиеттерге ие болуы ерекше маңызға ие.
Мемлекеттік қызметшінің әдебі – оның кәсіби мәдениетін, адамгершілік болмысын, жауапкершілігі мен азаматтарға деген құрметін айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі. Себебі мемлекеттік қызметші – тек белгілі бір лауазым иесі ғана емес, ол мемлекет саясатын жүзеге асырушы, мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы келбетін қалыптастырушы тұлға.
Әдепті мемлекеттік қызметші ең алдымен өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Ол азаматтардың өтініштері мен сұрақтарына бейжай қарамай, әрбір мәселені заң аясында, уақытылы әрі сапалы шешуге ұмтылады. Азаматтармен сөйлесу барысында дауыс көтермеу, дөрекілік танытпау, олардың пікіріне құрметпен қарау – қызметтік мәдениеттің ажырамас бөлігі. Сонымен қатар мемлекеттік қызметші қызметтік өкілеттігін жеке мүддесіне пайдаланбауы, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеуі және мүдделер қақтығысын болдырмауы тиіс. Қандай жағдайда да заң талаптарын сақтау, әділ шешім қабылдау және жеке үлгі көрсету – мемлекеттік қызметтің басты қағидаларының бірі.
Қазіргі қоғам мемлекеттік қызметшіден тек кәсіби білім мен біліктілікті ғана емес, сонымен қатар жоғары мәдениетті, парасаттылықты және адамгершілікті талап етеді. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістіктің қарқынды дамуы жағдайында мемлекеттік қызметшінің қоғамдық ортадағы мінез-құлқы да назардан тыс қалмайды. Сондықтан қызметтік уақытта ғана емес, қызметтен тыс кезде де жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды сақтау маңызды.
Әдеп нормаларын сақтау – тек тәртіптік жауапкершіліктен қорғану құралы емес, ол әрбір мемлекеттік қызметшінің ішкі мәдениеті мен кәсіби ұстанымының көрінісі. Мемлекеттік қызметтегі абырой мен бедел күнделікті атқарылатын жұмыстың сапасымен, азаматтарға көрсетілетін құрметпен және қабылданатын шешімдердің әділдігімен қалыптасады.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметшінің әдебі – мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып қана қоймай, халықтың билік институттарына деген сенімін нығайтатын маңызды фактор. Әрбір мемлекеттік қызметші өз ісіне адалдық танытып, заңдылық пен әдеп қағидаттарын берік ұстанған жағдайда ғана қоғам сеніміне ие бола алады. Өйткені мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – лауазым емес, халыққа қалтқысыз қызмет ету.
Абылхан Берік Нұрланұлы
Талдықорған қаласы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілі





























