Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында ауқымы жағынан өңірде теңесі жоқ қалашық бой көтеруде. Мұнда кезектегі азаматтар үшін салынған жалпы саны 800-ге жуық үйде болашақта 4 мыңға жуық халық тұрмақ. Оған қоса қажетті әлеуметтік нысандар тұрғызылып, жасыл аумақтар абаттандырылады. Тұрғын алаптағы құрылыс жұмыстарының барысымен бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев танысып қайтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысына «Жастар-3» жаңа тұрғын алабында салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені, шағын орталығы бар 1200 орынды мектеп, учаскелік тірек пункті, фельдшерлік-амбулаториялық пункт сияқты әлеуметтік нысандар мен саябақтың сызбалары көрсетілді. Бұл ретте Бейбіт Исабаев аумақты абаттандыруға ерекше мән беру керектігін ескертіп, негізгі көшелерге ағаш егу, суару желілерін жүргізу қажеттігін тапсырды.
— Бұл жаңа тұрғын алаптың 800-дей тұрғын үйінде 4 мыңға жуық халық тұратын болады. Өңірде бұл — осындай ауқымдағы алғашқы алап, бір емес, тіпті екі шағын ауданның көлеміндей ауқымды аумақ болғалы тұр. Сондықтан мұнда ең алдымен әлеуметтік нысандар қажет. Сонымен қатар үлкен саябақ жасаймыз. Бірнеше сауда нүктелері орналасады. Қазір әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ендігі үлкен мәселе – абаттандыру. Бұл жұмыс Президенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында сапалы атқарылуы тиіс. «Жастар-3» тұрғын алабы биік жерде тұрғандықтан, арықтан су жүрмейді. Сондықтан бірнеше скважина қазып, су шығарып, алдымен негізгі көшелерге ағаш егу керек. Бұл ретте бірінші кезекте суландыру жүйесін іске қосамыз. Оған қоса үй иелерінің де өз аулаларын көгалдандыруы маңызды, — деді Б. Исабаев.
Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, жалпы ауданы 90 га болатын «Жастар-3» тұрғын алабының 50 гектары жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген. Жобаға сәйкес мұнда инвестор компаниялардың есебінен 790 жеке тұрғын үй салу көзделген. Бүгінгі таңда соның 693-і сатып алынып, оның 403-і үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді. «Жастар-3» тұрғын алабында салынатын қалған 97 үйді келесі жылы сатып алу жоспарланған.
Мұнда 20 көшеге 11 км жаңа асфальт жол салынған, сондай-ақ 12 км тротуар төсеу жұмыстары аяқталды. Келесі жылы 6,7 км асфальт төселеді. Сондай-ақ қоғамдық көлік маршруты белгіленген кестеге сәйкес тұрақты қатынауда.
Үйлер табиғи газбен жабықталған, сондай-ақ резервтік электр қазандығы қарастырылған. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылыммен, яғни ауызсумен, кәріз және электрмен жабдықтау желілерімен толық қамтамасыз етілген.
Атап өтсек, әрбір жеке тұрғын үйдің жалпы ауданы — 76,4 шаршы метр, жер телімінің ауданы — 6 сотық.
«Жастар-3» тұрғын алабынан биыл баспаналы болғандардың бірі – Ләззат Мақсұмқызы.
— Биыл қыркүйек айында жаңа баспанаға кірдік. Үй өзімізге ұнайды. Дәл үйіміздің жанынан автобус 15-20 минут сайын жүреді. Үйімізді салған мердігер мекеме өкілдері ұсақ-түйек кемшіліктер болса, жылдам түзеп береді. Бұрынғыдай балалармен бірге пәтерген пәтерге көшу, қымбат пәтерақы төлеу машақатынан құтылдық, — деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Дмитрий Ерофеев.





























