Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасын дамытуды жалғастыруда.
Жобаны одан әрі дамыту аясында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыстың сапасын арттыруға, кері байланысты қамтамасыз етуге және азаматтарға жұмысқа орналасудың барлық кезеңінде қосымша қолдау көрсетуге бағытталған жаңа мүмкіндіктер енгізілуде.
Мансап орталықтарының мамандарына жұмыс берушілердің азаматтардан бос жұмыс орындарына түскен өтінімдерді қарау нәтижелерін бақылауға мүмкіндік беретін жаңа тетіктер іске қосылуда.
Мәселен, жұмыс іздеуші бос жұмыс орнына өтінім жіберіп, бірақ жұмыс берушіден жауап алмаған жағдайда, цифрлық жүйе Мансап орталығының маманына автоматты түрде тиісті тапсырма қалыптастырады.
Маман жұмыс берушімен байланысып, кандидатураның қаралу нәтижесін нақтылайды. Қажет болған жағдайда азаматқа басқа бос жұмыс орындарын таңдауға, түйіндемесін түзетуге немесе сұхбаттасуға дайындалуға көмектеседі.
Осылайша, жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатқанның өзінде жұмысқа орналаса алмаған азаматтар да қосымша қолдаусыз қалмайды.

Цифрлық жұмыспен қамту қызметін дамытудың жаңа бағыттарының бірі – Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыс іздеушілерді сүйемелдеу және жұмыс берушілердің қызметіне баға беру тетігін енгізу.
Енді азаматтар жұмыс іздеу барысында жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл тәжірибесін ескере отырып, олардың қызметін бес балдық шкала бойынша бағалай алады. Бағалау кезінде жарияланған бос жұмыс орындарының өзектілігі, ұсынылған еңбек жағдайларының мәлімделген талаптарға сәйкестігі және өтінімдерді қарау нәтижелері ескеріледі.
Бұл тетікті енгізу азаматтардың кері байланысын ескеруге, жарияланатын бос жұмыс орындарының сапасын арттыруға және жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыстың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, жұмыс берушілер қажетті мамандарды іріктеу және бос жұмыс орындарын толтыру мәселелері бойынша Мансап орталықтарынан қосымша қолдау алады.

Еске салайық, «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы 2026 жылғы шілде айынан бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылып келеді.
Жоба Enbek.kz Электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктерін, жасанды интеллект технологияларын және Мансап орталықтары мамандарының азаматтарға жеке сүйемелдеу көрсетуін біріктіреді.
Бүгінгі таңда аталған өңірлерде жоба аясында 8,4 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар мемлекеттік цифрлық жүйелердің мәліметтеріне сәйкес, бұған дейін жұмыспен қамтылмағандар қатарында анықталып, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жөнінде ұсыныстар алған 10 мыңнан астам азаматтың әлеуметтік мәртебесі өзгерген.
Атап айтқанда, азаматтар оқуға түскен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, заңды тұлғалардың құрылтайшылары атанған немесе жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан.
2026 жылдың соңына дейін Еңбек министрлігі Цифрлық жұмыспен қамту қызметін Қазақстанның барлық өңіріне кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл халықтың заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізу мүмкіндігін арттырып, жұмыс іздеу кезінде азаматтарды жеке сүйемелдеу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты
Иллюстрация жасанды интеллект көмегімен жасалған.
Цифрлық жұмыспен қамту қызметі азаматтардың жұмыс іздеу мүмкіндіктерін кеңейтеді





























