2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан жаңа конституциялық кезеңге қадам басты. Осы жылдың айшықты жаңалығына айналған бұл саяси сәт енді тарих қойнауында сақталады. Дәл осы күні республикалық референдумда қабылданған еліміздің жаңа Конституциясы ресми түрде қолданысқа енгізілді. Ал 1995 жылы қабылданған Ата Заңның күші жойылды. Алдағы уақытта мемлекетімізде маңызды өзгерістер орын алып, конституциялық реформа жүйелі түрде жүзеге асырыла бастайды. Оның барысында саясат сахнасынан бастап бірнеше салада жарқын бастамалар күтіп тұр.
Конституцияның басты құндылығы – адам, оның құқықтары, бостандықтары және қадір-қасиеті. Сонымен қатар Конституция қазақ мемлекеттілігінің мыңжылдық құндылықтарына, заңға құрметке, әділеттілікке, халық бірлігіне, ұрпақтар сабақтастығына, еңбекқорлыққа және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікке сүйенеді.Реформаның маңызды бағыттарының бірі адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту болды. Конституцияның жаңа мәтіні адамға бағытталған: онда адамның қадір-қасиетін қорғау, әлеуметтік құқықтар, заң алдындағы теңдік, сот арқылы қорғалу және жеке басының қол сұғылмаушылығы туралы ережелер күшейтілген. Бұл әлеуметтік және құқықтық мемлекет құрудың заманауи тәсілін көрсетеді.
Сонымен қатар, жаңа Конституцияда мемлекеттің егемендігіне, аумақтық тұтастығына және ұлттық бірегейлігіне ерекше назар аударылған. Мәтінде тарихи сабақтастық, мемлекеттің зайырлы сипаты, заңның үстемдігі және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау қағидаттары айқын көрсетілген.
Жаңа Конституцияда Әділетті Қазақстанның іргелі идеялары көрініс тапқан. Олар «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларымен үйлеседі. Мұнда күшті мемлекет тыйымдарға емес, азаматтардың сеніміне, заң үстемдігіне, әділ қағидаларға және әрбір адам үшін тең мүмкіндіктерге негізделіп құрылады.
Конституцияда ұлттық дәстүрлер қазіргі заманғы адам құқықтары стандарттарымен ұштасады. Жастар елдің басты стратегиялық ресурсы ретінде қарастырылады, ал білім, еңбек және жасампаздық қоғамдық табыстың негізіне айналады.
Сәтжан СЕЙІТКЕРІМ, Көксу аудандық сотының аға сот приставы





























