Жетісудағы зияткерлік және шығармашылық бастамашыл жобалар

802

Журналистер үйінде  «Халықаралық, республикалық зияткерлік шаралар және шығармашылық бастамаларды ұйымдастыру және өткізу» атты баспасөз конференциясы өтті. Жетісу облыстық білім басқармасының басшысы М.Сүлейменов пен «Жетісу дарыны» оқу – әдістемелік орталығының директоры С.Жұмагельдина  баспасөз конференциясына келіп, БАҚ өкілдерімен кездесті. Спикерлер білім басқармасының бастамашыл жобалары турасында баяндады.

« Қайырлы күн, құрметті баспасөз конференциясының қатысушылары! Бүгін біз ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасына тіркелу басталғандығын хабарлағымыз келеді.  Сонымен қатар жүзеге асырылатын бастамалар мен облыс оқушыларының халықаралық деңгейдегі жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің  «2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу туралы» бұйрығын орындау үшін ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші (бастапқы) кезеңі 2023 жылдың 20 қарашадан басталады. Олимпиаданың пәндер бойынша өткізу кестесі қосымша берілетін болады.

Олимпиаданың мақсаты –  ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау  үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың одан әрі зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануы.  «Дарын» орталығы  оқушыларды  сырттай мектепке, оқу-жаттығу жиындарына қабылдау және одан әрі оқыту арқылы ауылдық жердегі мектептердің жоғары сынып оқушыларын республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысуға іріктеу және даярлауға атсалысуда. Қазіргі таңда  ауыл мектептерінде оқитын балалардың білім сынақтарына қатысуға құлшыныстары жоғары.

2024 жылдың ақпан айында олимпиаданың республикалық кезеңінің І дәрежелі диплом иегерлері үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушыларды республикалық олимпиадаға дайындау мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы оқу жаттығу-жиынын ұйымдастырады.

Аталмыш олимпиадаға қатысуға ниет білдірген оқушылар auyl.daryn.kzсайтында 30 қазаннан 15 қарашаға дейін тіркелуі тиіс.

Өткен жылы Жетісу облысынан жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңге 94 оқушы қатысып, 67-сі жүлдегер(71%) атанған болатын. Биылғы оқушы жылында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қолайлы жағдайды пайдалана отырып, қатысушылар саны екі есе артады деп сенеміз.

 Өңірімізде үшінші жыл қатарынан жасөспірімдер арасында Бейсен Құранбек атындағы облыстық шығармашылық байқауы өткізілуде. Жалпы мақсат – осы байқауды республикалық дәрежеге шығару. Байқаудың мақсаты – Бейсен Құранбектің журналистика саласындағы еңбектерін жас ұрпақтың санасына сіңіру. Мектеп оқушылары арасынан шығармашылық, интеллектуалдық қабілеті бар, сөз мәдениеті дамыған, журналист, тележүргізуші, публицист және жазушы болғысы келетін дарынды оқушылары анықтау және қолдау. Өткен жылы бұл байқауға 100-ден астам оқушы қатысып, нәтижесінде 22 оқушы ақшалай сертификаттармен марапатталды. (4 оқушы І орын – 250 мың,теңге  8 оқушы ІІ орын – 150 мың теңге, 12 оқушы ІІІ орын – 50 мың теңге, жалпы жүлде қоры 2 600 000 (екі миллион алты жүз мың теңге) құрады.

Биылғы жылы да байқау бекітілген Ережеге сәйкес екі кезеңде өткізілетін болады.

Байқаудың қорытындысы дәстүрлі түрде 9 желтоқсан күні – Бейсен Құранбектің туған күнінде ұйымдастырылады.

Келесі игі бастама, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы жазушы Кемел Тоқаевқа 100 жыл толуына орай «Кемел Тоқаевтың қазақ әдебиетіндегі рөлі» атты облыстық шығармашылық байқауы. Мектеп оқушыларын кітап оқуға ынталандыру, қатысушылар арасынан сыни тұрғыдан ойлауы жақсы дамыған, ақын-жазушы, ізкесуші, детектив болғысы келетін дарынды, өнерлі оқушыларды анықтау және қолдау мақсатын көздейтін байқау екі кезеңді қамтиды. І кезең – аудандық (қалалық) 2023 жылдың қазан — қараша аралығында.

ІІ кезең – облыстық 2023 жылдың 15 қарашасында өтеді.

Облыс оқушыларының халықаралық олимпиадаларға дайындық туралы айтатын болсақ, бүгінгі күні олимпиадалық резервтің 40 оқушысы Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зертханаларында оқу-жаттығу жиындарында сабақтарға қатысуда.

Өткен жылы 3 халықаралық олимпиадаға (VI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы, Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы, «Жібек жолы» математикалық олимпиадасы, «Туймаада» халықаралық олимпиадасы) Жетісу облысынан 14 оқушы қатысып, 2 оқушы жүлделі орынды иеленді, ол Азия-Тынық мұхиты халықаралық олимпиадасында Талдықорған қаласындағы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Сайлаубай Әл-Таир математикадан ІІІ орынды иеленсе,«Туймаада» халықаралық олимпиадасында Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің 9 сынып оқушысы  Ақбота Жумабекова  ІІІ орынды иеленді. XVII Халықаралық «Математика және жобалау» байқауында Сарқан ауданының 10 сынып оқушысы Инкар  Шаяхмет  III орынға ие болды.

Сонымен бірге, 26-27 қазан күндері Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы және Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен 15 мемлекет өкілдерінің қатысуымен өткен жас ғалымдардың «Science Talks  — Жас ғалымдардың диалогы» атты ІІІ халықаралық форумда Жетісу облысының оқушылары үздіктер қатарынан көріне білді.

ІІІ халықаралық форумға Жетісу облысынан 2 команда өз ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін халықаралық  көрмеде жұмыстарын ұсынып, жеңімпаз атанды, ал Көксу ауданы Ж.Егінбаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Ұлан Бақкелдіұлы Уәлиев онлайн форматта ғылыми баяндама жасап, жобасын қорғады. Нәтижесінде, Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің командасы І дәрежелі диплом, ал №20 мамандандырылған лицейінің 2 оқушысы ІІ дәрежелі дипломдарды иеленді. Көксу ауданының биология пәнінің мұғалімі ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз