Спортқа айрықша көңіл бөлінуде

335

Жетісу облысына  ҚР Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек арнайы  келіп, жұртшылықпен жүздесті. Жиында өңірдегі спорттың дамуы жөнінде сөз қозғалып, саладағы кемшіліктер айтылды.

     Жыл басынан бері Жетісу облысының спортшылары барлық деңгейлі жарыстарда олимпиадалық спорт түрлерінен 337 медаль, олимпиадалық емес спорт түрлерінен 452 медаль иеленген. Облыстың жетістіктері туралы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл мәлімдеді. «Биыл өткен Әлем, Азия чемпионаттарында облыс спортшылары үлкен жеңістерге жетті. Мәселен, велоспорттан Әлем чемпионы атанған Евгений Федоров, ауыр атлетикадан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Карина Горичева және қола медальға ие болған Самарканов Андас, Азия чемпионатында жеңіл атлетикадан Болатбекқызы Айана күміс жүлдегері, грек-рим күресінен Қален Диас, велоспорттан Азия Чемпионатының чемпиондары Чжан Игорь, Удовыкина Екатерина, Заам Евгения және басқа да спортшылар жүлдегер атанды. Ал, Азия ойындарының қорытындысы бойынша Жетісу облысы 1 алтын және 1 қола медаль иеленді. Облыс спортшыларының 2024 жылы Парижде өтетін ХХХІІІ-ші жазғы Олимпиада ойындарына лицензия алу, жоғары нәтиже көрсету үшін сапалы дайындық жүргізіліп, алдағы уақытта велосипед спорты, дзюдо, ауыр атлетика және садақ ату спорт түрлерінен лицензиялар алу жоспарланған»,- деді Ұлан Рысқұл. Сондай-ақ, өңірімізде спорт саласының айрықша даму жолында екеніне тоқталды. Қаламызда жуырда ашылған  мұз айдыны, оған дейін пайдалануға берілген әлемдік стандартқа сай орталық жүзу бассейні, енді бой көтеріп жатқан еліміздегі алғашқы волейбол базасы жөнінде де  атап өтті.

   Қазіргі таңда спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы және бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Вице-министр ел Президентінің әр Жолдауында айтылатын, Үкімет отырысында талқыдан түспей келе жатқан спорттағы жалпы жетістікті тізіп,  балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудағы кемшіліктер мен бұқаралық спорттағы іс-шараның аздығын айтып, түзетуді тапсырды. «Біздің министрлік балалар арасында бұқаралық спортты дамыту, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру сияқты маңызды әлеуметтік жобаға жауапты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің әрбір баласы спорт секцияларына тегін қатысуға және одан әрі жас спортшылардың қатарын толықтыруға мүмкіндік алуы тиіс. Азия ойындарындағы сәтсіздік бәрімізге сабақ болуы керек. Бұл ақшаның жоқтығынан емес, көптігінен. Сондықтан да әр спортты қаржыландыру, оны дамыту бойынша жүргізілетін жоспарлы қаражатты мөлшерлеуіміз қажет. Спортшыларды Ұлттық құрамаға қабылдау ережесі қайта жасалады. Ал спортшыларды енді Әлемдік жарысқа тек бір жерден жіберуді көздеп отырмыз. Ел ішіндегі жарыстарға әр өңірдегі басқармалар жауапты. Мәселен, Ескелді, Қаратал, Ақсу, Көксу аудандарындағы балалар мен жасөспірімдер спортына оқу-жаттығу жиыны кестедегідей қойылмаған және оған бөлінген қаражатта қателіктер бар. Бұл көбінде олимпиадалық емес спорт түрлерінде кездесті. Осы істі басты назарға алсаңыздар. Одан кейін бұқаралық спортты дамытудың да өз жоспары бар. Әр жасқа дейінгі жетілу, толысуға байланысты спорт та күрделене бермек. Мемлекет басшысы да спортқа айрықша көңіл бөліп отыр. Келесі жылы қыркүйекте Астанада өтетін көшпенділер ойыны соның дәлелі», – деді Сәрсен Құранбек. Жиын соңында Сәрсен Абайұлы жиналғандардың сауалына жауап беріп, ұсыныс-тілекті тыңдады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз